Ресми позиция емес: Қытай елшісі Қазақстан туралы мақалаға нүкте қойды - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қытай елшісі мақалаға қатысты шуды негізсіз деп санайды

Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Global Times басылымына Қазақстан жұртшылығының наразылығын тудырған «Қазақстан неге Қытайға оралуға тырысады?» мақаласына байланысты сұхбат берді.

«Қытай елшісі интернеттегі «Қытайға қайтқысы келетін» елдер туралы адамды жаңылыстырып, теріс ойға жетелейтін ұлтшылдық сипаттағы бірқатар жалған мақалалардың өшірілу оқиғасынан кейін өз пікірін білдірді. Сондай мақалалардың бірі «Қазақстан неге Қытайға қайтқысы келеді?» деп аталған», - деп басталған басылым материалы.

Елші өз сұхбатында  аталған материал коронавирус пандемиясына қарсы бірге күресіп жатқан екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат тигізбегенін,  себебі, ол ҚХР үкіметінің ресми позициясы емес екенін айтқан. Ал ҚР Сыртқы істер вице-министрі Шахрат Нұрышевпен кездесуі әдеттегідей ашық, достық форматта өткенін алға тартады. Бұл – оның кездесуді «Қазақстанның ресми қарсылығы» деп қабылдаған кей Батыс медиасына жауабы.

«Мен кей БАҚ-тардың бұл кездесуді хайп қылу үшін  тым асыра сілтеп жазып жібергенін байқадым. Ол – негізсіз. Кез келген тәжірибелі дипломат протестік акциясы тек екі елдің қарым-қатынасы қатты нашарлап, бірі екіншісінің мүддесіне үлкен зиян келтіргенде ғана жасалатынын біледі. Сондықтан, бұл оқиғаны «тривиалды эпизод» (аса маңызы жоқ – авт.) деп есептеймін және ол қазақ-қытай қатынасына ешқандай да әсер етпейді», - деп  айтқан ол.

Елші сұхбатында екі тарапқа да балалардың санасында дұрыс тарихи көзқарас қалыптасып, достық ұрпақтан ұрпаққа жалғасуы үшін оқулықтардың мазмұнына ерекше көңіл бөлуге кеңес бергенін де атап өткен. Ал Қазақстанның талабын Қытайдың тиісті ведомстволарына жеткізуге уәде еткен.

Ч. Сяо бүгін өз Facebook парақшасында да анонимді автордың мақаласына Қытай үкіметінің қатысы бар деп ойлау дұрыс емес деген мазмұндағы пост жазды.

«Бүгінде түрлі сайттарға оңай кіріп, ойыңды жаза салуға мүмкіндік жасалған. Теріс пиғылдылар осыны өз құйтұрқы ойлары үшін пайдаланғысы келеді... Әлемде көпшіліктің назарын аударту мақсатында сенсациялық тақырыптар қоятын материалдар жеткілікті. Ал кей элиталық топтар оны саяси ұпай жинауға қолдануға тырысады», - деп жазба қалдырды ол.

Қысқасы, елші мақала айналасындағы шудың бәрін сыртқы күштердің арандатушы әрекеті деп қабылдайды.

Азаттық рухы

0 Пікір Кіру