Манкентте Қызыл кітапқа енген құс тәркіленді - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қызыл кітапқа енген филин үкісі тәркіленді

Түркістан облысы полицейлері Манкент ауылындағы кафеден Қызыл кітапқа енген үкі құсын тәркіледі. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлады.

Сайрам аудандық полиция басқармасының табиғатты қорғау тобының инспекторы М.Ботабек және әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы М.Қуандықов экологиялық қылмыстың алдын алу бойынша жүргізген шара барысында Манкент ауылында орналасқан кафелердің бірінің ауласынан асырауға тыйым салынған, Қызыл кітапқа енген үкі құсын анықтады.

«Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы (Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану) бойынша тіркеліп, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.

Полиция өкілдері анықтаған құс – Қызыл кітапқа енген филин үкісі болып шықты. Тәркіленген үкі Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді. Күдікті бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқанын айтқан.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін жануар ұстағандар үшін 3 мың АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеу немесе айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Азаттық рухы

0 Пікір Кіру