Назарбаевтар «құпияны сақтауды» сұрап, «елді қорлағандарды» жазғырды - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Назарбаевтар реакциясы: «Бұл – елді қорлау»

Осы аптада батыс басылымдары Лондон сотының офшор компаниялардың атына тіркелген Назарбаевтардың зәулім үйлерін бұғаттан босату шешімі туралы жазды. Ақпарат құралдарының жазуынша, бұл іс Ұлыбританиядағы арам ақшамен күрес жүйесінің «осал тұстарын» көрсетті, дегенмен соның арқасында мүліктің нақты иелерінің кім екені белгілі болды.

Лондонның Жоғарғы соты 8 сәуірде «шығу төркіні белгісіз байлыққа алынған үш жылжымайтын мүлікті» (құны шамамен 100 миллион доллар) бұғаттау ордерінің күшін жойды. Судья Беверли Ланг тергеу органдарының Лондондағы бұл үйлерді арам ақшаны жасыру мақсатында сатып алған деген уәжін негізсіз деп тапты. Былтыр орнынан кеткенімен, әлі билік тетіктерін қолында ұстап отырған Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев отбасының мүлкіне қатысты соттың бұл шешімі туралы Британия мен басқа елдердегі біраз басылым жазды.

Жалған ақшадан қорғану жүйесінің «осал тұстары»

Жемқорлықпен және ұйымдасқан қылмыспен күрес орталығының (OCCRP) сайтында жарияланған зерттеу мақаласына сенсек, бұл істің нүктесі әлі қойылған жоқ. Британияның қылмыспен күрес агенттігі (NCA) негізгі қожайындары Назарбаевтың қызы, парламенттің жоғары палатасының спикері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиев саналатын үйлерді бұғаттау туралы ордер бойынша «дәлелдің жеткіліксіздігін» айтқан сот шешіміне қарсылық білдірмек.

NCA-дың Экономикалық қылмыс бойынша ұлттық орталығының басшысы Грэм Биггар «шығу төркіні белгісіз байлық ордері» деген жаңа құралды қолданғанда көп қиындық боларын болжағанбыз деді. Сондай-ақ ол агенттіктің «табандылық» танытып, қолда бар механизмдерді толық қолданатынын айтты.

Transparency International ұйымының Ұлыбританиядағы өкілі Дункан Хеймстың айтуынша, сот шешімі NCA үшін сәтсіз болды. Дегенмен ол агенттіктің апелляция беру туралы шешімін қолдайтынын жеткізді.

«Бұл нысандарға иелік ететін жасырын компаниялар торабы олардың артында тұрған адамдарды, олардың ақшасының төркінін анықтауда тергеушілерге қатты қиындық туғызды» деді Хеймс. Сонымен бірге ол бұл іс «Британияның арам ақшадан қорғану жүйесінің осал тұстарын» айқындап берді деді және Лондонды «Британиядағы дүние-мүлікке иелік ететін құпия офшор компаниялардың нағыз иелерін анықтауда ашықтықты талап етуге» шақырды.

Құқық және сот тәжірибесі тақырыптарын талдайтын америкалық Law360 сайтының жазуынша, бұл іс NCA-дің «шығу төркіні белгісіз байлық ордерін» қолданып жүргізген ең күрделі ісі болған. Соттың ұйғарымы бойынша, NCA тапқан офшор компаниялар торабы «олар ақша заңдастыру сияқты қылмыс түрлерін жасыру үшін құрылды деп айтуға негіз бола алмайды». Сотта жеңілгенімен, NCA жылжымайтын мүлікті қылмыстық жолмен тапқан ақшаға сатып алды деп айыптаған бенефициарлар – Дариға Назарбаева мен Нұрәли Әлиевтің аты-жөндерін жариялатуға қол жеткізген.

Осы жағынан ордер құралы тиімді болып шықты, ол болмағанда тергеушілер мүліктің негізгі қожайындарын біле алмас еді. Law360 сайтындағы мақалада Covington & Burling LLP компаниясының әріптесі Иан Харгривздың пікірі берілген, оның айтуынша, бұл ордер – өте маңызды құрал.

«Ұлыбритания арқылы тым көп арам ақша ағылып жатыр, сондықтан билікке «шығу төркіні белгісіз байлық ордері» сияқты құралдар қажет» деді ол.

Дариға Назарбаева президенттің орнына келе ме?

Британдық Independent газетінде жарық көрген «Қазақ саясаткері 80 миллион фунт-стерлинг болатын «шығу төркіні белгісіз мүлік ордері» бойынша Лондондағы сотта жеңіске жетті» деген мақала авторының жазуынша, Лондонның Жоғарғы соты зәулім үйлер мен пәтер Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі және Нұрәлі Әлиевтің әкесі Рахат Әлиевтің «қылмыстық жолмен тапқан» ақшасына алынғанына көз жеткізетін дәлелді таба алмаған.

NCA-дың пікірінше, «мемлекеттік қызметте болған кезінде және одан кейін Рахат Әлиев ауыр қылмыстарға қатысты болған». Жоғары дипломатиялық, мемлекеттік қызметтерде болған Рахат Әлиев 2007 жылы қуғынға ұшыраған, бес жыл бұрын Венадағы түрмеден оның өлі денесі табылған. Өз елінде ол төңкеріс жасамақ болды, қылмыстық топ құрды және кісі ұрлап, оларды өлтірді деген айыппен сырттай ұзақ жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Судья Беверли Ланг Назарбаева мен оның ұлы жылжымайтын мүлікті Рахат Әлиевтің көмегінсіз, өз ақшаларына сатып алған деген ұйғарымға келген.

«56 жастағы доктор Назарбаева Қазақстан сенатының төрайымы қызметін атқарады, мұның алдында ол премьер-министрдің орынбасары болған. Ол – бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, сарапшылардың айтуынша, болашақта ол әкесінің орнына келуі мүмкін» деп жазады Independent.

Өз өкілі арқылы Дариға Назарбаева «өзін толық ақтаған» сот шешіміне қанағаттанатынын айтқан деп жазады басылым. Оның ұлы NCA-дың ордерін «негізсіз» деп атаған. «Біз ақталдық, енді отбасы ретінде біздің құпиямызды сақтауды құрметпен өтінеміз» деді ол.

Қазақстанда Назарбаевтарға «бәрі оғай»

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайтында жарық көрген «Назарбаевтардың мүлкіне қатысты шешім ашықтыққа ұмтылғандарды алаңдатады» деген мақалада да Лондондағы процесс туралы айтылады.

Автордың айтуынша, «бұрынғы президенттің қызы мен жиені байлығының көлемі мен шығу төркені туралы бұрынғыдан ашық ақпарат бергеннен кейін ғана британ соты 99 миллион доллардың мүлкін бұғаттан босатқан. Олар өз елінде бұрын-соңды мұны айтпаған, елде биліктегі отбасының мүлкіне қатысты тергеу жүргізуге тыйым салынған».

Сот материалдарына сенсек, Назарбаеваның бизнестегі карьерасы 30 жылға жуық ел басқарған әкесінің билікке келген кезінде басталған. Қазір Назарбаева сенатты басқарады, бұл – мемлекеттік қызметтер иерархиясындағы екінші орын, қазіргі президент биліктен кеткен жағдайда мемлекет басшысы міндеті оның мойнына жүктелуі мүмкін.

«1992 жылдан бері ол көбіне азық-түлік өнімдері [соның ішінде қант], автокөлік, БАҚ, банк ісі және жылжымайтын мүлік сияқты салаларда бизнес-мүдделер портфелін әзірлеген. Forbes Kazakhstan журналының мәліметі бойынша, 2013 жылы оның жеке капиталы [595 миллион доллар] болған» деп жазды судья Беверли Ланг.

Адвокаттар Назарбаеваның 2007 жылғы Әлиевпен ажырасу процесінің шеңберінде «Қант» компаниясынан алған акцияларын сатып, соған Лондондағы ауқаттылар тұратын Хайгейт ауданында орналасқан үйді сатып алғаны туралы мәлімет берген. Адвокаттардың мәліметіне сенсек, Лондондағы «миллиардерлер көшесі» саналатын Бишопс-авенюда орналасқан үйді Нұрәли Әлиев бір кездері әкесі Рахат Әлиевке тиесілі болған «Нұрбанктен» алған несиенің ақшасына сатып алған. Келісімшарт жасалған кезде Нұрәли Әлиев 23 жаста болған. LinkedIn желісіндегі мәлімет бойынша, ол 2006-2010 жылдар аралығында «Нұрбанкте» түрлі басшылық қызметтер атқарған.

Жемқорлыққа қарсы белсенділер Жоғарғы соттың шешіміне көңілі толмайтындарын жеткізді және бұл іс Лондонды офшор арқылы қымбат жылжымайтын мүлік сатып алатындардан ашықтық талап етуге итермелеуі керек деп санайтындарын айтты деп жазады Eurasianet.org.

«Қазақстанның өзінде Назарбаевтар әулетіне бәрі оңай. 2010 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша, ол кезде президент қызметін атқарған Назарбаевты сот арқылы тергеп, қудалауға өмір бойына тыйым салынған. Конституцияға сәйкес, оның отбасының активтері де құпия сақталады, демек оған қарсы айғақ болуы мүмкін деген ақпаратты іздеуге тырысқан кез келген журналист сот арқылы қудаланып, түрмеге қамалады» деп жазады мақала авторы.

Eurasianet.org сайтына берген сұхбатында Лондонда тұратын журналист, соттың шешімімен жабылған «Республика» оппозициялық газетінің бас редакторы Ирина Петрушова «Назарбаевтың байлығын қазбалау қиын әрі қауіпті» деген. Алайда ол «уақыт өте келе бұл жағдай өзгереді деп үміттенеді».

Экс-президент отбасының мүлкі туралы кей ақпарат бұрын да жария болған. 2016 жылы «Панама архивінен» ақпарат тарап кетіп, соның арқасында Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің офшор компаниялары арқылы басқаратын активтері бар екені белгілі болған. OCCRP баяндамаларының бірінде Британиялық Виргин аралдарында тіркелген екі компанияның артында Әлиев тұр деген ақпарат айтылған. Олардың біреуінің меншігінде ұзындығы 23 метр яхта болған.

Басылымның жазуынша, коронавирус пандемиясына байланысты Назарбаев «тәуелсіздіктің арқасында байыған» кәсіпкерлерге үндеу жасаған. «Билікке қарасты ақпарат құралдары таратқан мақаласында Назарбаев енді еліме қалай көмектесе аламын деген сұрақты өздеріңізге қоятын кез келді» деп жазған.

Назарбаевтар реакциясы: «Бұл елді қорлау»

Британдық Times басылымы «NCA Қазақстанның экс-президентінің қызы мен жиеніне қатысты сотта жеңілді» деген мақала жариялады. Редакция бұл мақаланың «Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің құқықтық шағымының мәні» деп көрсеткен.

Мақалада Нұрәлі Әлиевтің сот шешіміне қатысты пікірі беріледі.

«Соттың пәрменді шешімі NCA-дың жаңсақ тергеу аясындағы дәйексіз негіз бойынша ордер бергенін айғақтайды, тергеу мүлде негізсіз еді. NCA өз еркіммен берген тиісті ақпаратты қасақана көзге ілмеді, негізсіз әрі теріс талап-арыз берді, сонымен бірге мені, отбасымды және елімді қатты қорлады» дейді Әлиев.

Өкілінің айтуынша, Дариға Назарбаева сот шешіміне риза екенін хабарлаған. Өкілдің өзі де Назарбаевамен келісіп, тергеудің жаңсақ болғанын, мұның ешқандай құқық бұзушылықпен қатысы жоқ екенін айтқан.

«Сот NCA-дың бастапқы тергеуінде үлкен кемшіліктер болды, NCA доктор Назарбаева берген ақпаратты объективті түрде талдамады деген пікірмен келісті, NCA-дың ордерлерді бұдан бірнеше ай бұрын алып тастағаны дұрыс болар еді. Атына кір келтірмес үшін оған (Дариға Назарбаеваға – ауд.) ауыр процедуралармен күресіп, осындай әрекетке баруға тура келгені қатты қынжылтады әрі қапаландырады» деді ол.

Азаттық радиосы

0 Пікір Кіру