Гүлшара Әбдіқалықова өзінің жаңа орынбасарларын тағайындады - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қызылорда облысы әкімінің екі орынбасары тағайындалды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың өкімімен Серік Ахметов пен Серік Сүлейменов өңір басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.

Облыс әкімінің орынбасары ретінде Серік Ахметов аймақтың ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік жасап, облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыратын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлды. 

Серік Әбжәліұлы 1961 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін "Тарих" мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі, мемлекеттік хатшы хатшылығының меңгерушісі және премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары болды.

Ал Серік Сүлейменов құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік етеді.

Серік Сүлейменовтің өмірбаяны

Серік Жүсіпұлы 1966 жылы туған. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін "Математика" және "Заңтану" мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінде, премьер-министр кеңсесінде және квазимемлекеттік секторларда жауапты басшылық қызметтер атқарды.

Соңғы жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, 2019 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы лауазымын иеленген.

Айта кетейік, 28 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда облысы әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Ал оған дейін өңірді басқарған Қуанышбек Ысқақов үйқамақта отыр, жемқорлыққа қарсы күрес қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

0 Пікір Кіру