Дүмше саясат тіл бұзар - на politic.bugin.kz
Салтанат Шынәділ - на politic.bugin.kz Салтанат Шынәділ

Ұтыс па, ұтылыс па?


Мектеп жасындағы ауыздарынан ана сүті кетпеген балаларға үш тілде білім беру саясатына қатысты қоғам белсенділері кереғар ойын айтып баққан болатын. Оны тыңдайтын құлақ болмады ма, әлі де «баяғы жартас – бір жартас». Олардың ойынша, бұл – балалардың жан-жақтылығын, білімін арттыруға бағыттылаған жол-мыс. 

Шындығында солай ма? Білім беру жүйесі әр ұлттың мінез-құлық, менталитетінің қалыбына лайық етіп жасалуы керек. Бұл туралы сонау ХХ ғасырда педагогиканың жілігін шағып, майын ішкен, сол салада оқулық жазған Мағжан Жұмабаев:«...біздің дағдарып тұрған мектебімізді бастап алып кететін даңғыл жол жоқ. Сондықтан оқу құралын жазып жатқан азаматтар бұл оқу құралы қандай мінезді мектепке арналады – сол туралы ой жүгіртсе игі болар еді. Кең қазақ мектебіне негіз іздегенде, таза, пәк көзінен, яғни мектеп құрылысының қазақ жанына қабысуы жағынан келуі дұрыс болар еді»,-деп жазған болатын. Ақпараттың қолжетімділігін сылтауратқан Білім министрлігі артық қылам деп, тыртық қылып отырған жоқ па? Әр ұлттың өз менталитет, мінезіне сай білім беру жүйесі құрылуы тиіс. Оң-солын танып үлгермеген балалардың үш тілді шатып-бұтып, қоспа тіл жасайтынын біле тұрып, үш тілді шатастырмай, керек десеңіз өз тіліне, ұлтына деген махаббаты берік ұрпақ тәрбиеленіп шығады деген тілекті алтын балыққа сыбырлап қойғандай шешімнің ақырын қыбырсыз күтуі езуге еріксіз кекесін күлкі келтіреді. Абай айтқандай «ызалы күлкінің өзі де – қайғы». Өз тілін жетік білмейтін адамның ұлтын сүюі, сол жолда іс қылуы мүмкін бе? Халел Досмұхамедов жас баланың әуелі өз тілін жетік меңгеру керек екені турасында:«Өз тілін білмей тұрып, басқа тілге еліктей беруі зор қате»,-деп жазады. Әлемдік нарыққа шығу үшін ағылшын тілін білу қажет. Бірақ, 7-сыныпқа дейін тек жапон тілінде сабақ беретін Жапония әлемдегі алпауыт мемлекеттердің ондығына кіреді. Оларды әлемге Жапония етіп әйгілеген де, шынында, ұлттық менталитеті болатын. Жапондардың мұнтаздай тазалығына, еңбекқорлығына, қара судан қаймақ қармап, қара алтыны жоқ жерде ауадан ақша жасай алатын қабілетіне әлем сүйсінеді. Ал ол мінезді сіңірткен ұлттық менталитеті болатын. «Халық өз тілінен айырылған кезде характерінен де айырылады»,-дейді И.Кант. Иә, бұл Канттың ХVIII ғасырда айтқан сөзі. Одан бері екі ғасыр өтіп, үшінші ғасырға табан тіредік. Бізде не қалды? Өскелең ұрпаққа не қалдырамыз? Салмағы ауыр сұрақтар...

0 Пікір Кіру