Қордай оқиғасы Қазақстандағы ұлт саясатының көрсеткіші ме? - на politic.bugin.kz
Аманкелді - на politic.bugin.kz Аманкелді

Сараптама

Қазақстанның мемлекет ретінде функциясын атқарып тұруы және Қазақстанның полиэтникалық контурын ескере отырып этникаралық қарым-қатынас мәселесіне тоқталғанда, еріксізден көкейімізде Қазақстан ұлттық мемлекет пе әлде «мемлекеттік» деген ұғым басымдық берілген саяси-әкімшілік құрылым ба деген сұрақтар туындайды.

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде функциясын атқара бастаған тұста Қазақстанға «мемлекеттік» ұғымы басымдық берліген саяси-әкімшілік құрылым деген ұстаным насихатталды. Мәселен, экс-президент Н. Назарбаевтың «Қоғамның идеялық ұйысуы Қазақстан дамуының шарты» («Идейная консолидаця общества как условия прогресса Казахстана») атты тұжырымдамасында мемлекетті құрушы этностың төңірегінде өзге этностордың ұйысуы, сол арқылы ұлттық мемлекет түзу, ұлттық кімдігін (идентичность) айқындау мәселелері кейінге шегеріліп, «мемлекеттік» ұғымы алға шығарылып, қоғам өміріндегі мемлекеттің рөлі күшейтілді. Әртүрлі тұжырымдамалық һәм иделологиялық сипаты бар құжаттарда «ұлттық» деген сөздің орыңына «мемлекеттік» деген сөз қолданылды. Мәселен бүгінгі күнге дейін ресми қолданыста «ұлттық идеалогия» деген сөз тіркесінің орынына «мемлекеттік идеалогия» деген сөз тіркесі қолданылады.

«Мемлекеттік» ұғымы шеңберіндегі ұстанымды мемлекетті құрушы қазақ этносының сол кездегі өз жеріндегі азшылығымен, соған байланысты қоғамның этникалық және конфессиялық жіктерге бөліну қауіпі бар деген тезистермен негіздеді. Нәтижесінде мемлекеттік деңгейде отарсыздандыру саясатын жүргізбегінің айтпағанның өзінде, Қазақстан жеріндегі көптеген этностардың ұлттық кімдігін (идентичность) айқындау арқылы мемлекетті құрушы қазақ этносы төңірегінде өзге этностардың ұйысып, ұлттық мемлекет құру үдерісі әкімшілік жолмен тежелді.

Бұл шын мәніңде ұлт мәселесіне қатысты демократия, этностар теңдігі мен өзіндік болмысы, саяси плюрализм сияқты ұрандармен безендірілген Кеңес үкіметінің ұстанған саясатының қаңқасы болатын. Мұндай жағдайда ұлт мәселесіндегі саясаттың кеңестік моделіне өміршендік сыйлап, шынайылығын арттыра түсу үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясы» тәрізді декоративтік ұйымды ашу керек болды.

Алайда күнделікті өмірдің шындығынан алыста жатқан Қазақстан билігінің ұлт мәселесіндегі саясаты жемісті болды деп айта алмаймыз. Қазақстан тәуелсіздігін алған уақыттан бастап бүгінгі күнге дейін ресми ақпаратта «әлеуметтік кикілжін» деп баға берілген этнос аралық ондаған жанжалдар орын алды, бұлардың соңғы осы таяуда ғана Қордайда болып өтті. Бұл жанжалдардың барлығында жанжалдасушы жақтың бір тарабы көбінесе мемлекетті құрушы этностың өкілі, яғни қазақ этносының азаматтары болып табылады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы» тәрізді конституциялық мәртебе берілген күшті ұйымы бар, Қазақстандағы ұлт мәселесінде биліктің жүргізіп отырған «салиқалы саясаты» неге осындай жанжалдардың орын алуына жол берді, неге жанжалдасушы жақтың бір тарапы қазақ этносының өкілдері болып келеді деген сұрақтар туындайды?

 Осы тұста Қазақстан билігі ұлттық мемлекет құру үдерісін жасанды жолмен тежегеніменде, өзінің ұлт мәселесіндегі стратегиялық тұжырымында мемлекетті құрушы қазақ этносының табиғи өсімін ескермегенін, қазақ этносының демографиялық өсімі ертеме кешпе күн тәртібіне «Ұлттық мемлекет» құру мәселесін қоятының алдын ала білмегенін атап өтеміз.

Ғалым Амангелді Айталы ағаның «Ұлттың бір адамын қорлау барлық ұлтты қорлаумен бірдей» деген мақаласында көрсетілгендей: «Адамдар арасындағы дау, қақтығыс, жанжал – әлеуметтік топтардың позициялары, көзқарастары, мүдделері қарсылығынан туады. Сондай дау-жанжалдардың бір қыры – ұлтаралық (этносаралық) қақтығыс. Ұлтаралық қатынастардың шиленісуіне, күрделеніп, тіпті асқынып қақтығыстарға ұласуына жалпы мемлекеттегі ұлтаралық қатынастар ахуалы әсер етеді. Қазақ елінің де ұлтаралық ахуалының өз тарихы, психологиялық өзгешеліктері жоқ емес». 

Біз өз тарапымыздан бүгіндегі Қазақстандағы этносаралық қатынастар ахуалының тарихи тамыры, Кеңестер билігі заманыңда «интернационалдық принцп және халықтардың теңдігі» деген ұстаныммен, жергілікті автохтонды этнос – қазақ ұлтының мүддесіне нұсқан келтіре отырып жүргізген кеңестік идеалогиямен байланысты деп пайымдаймыз.

Яғни, жоғарыда көрсетілген мақалада айтылғандай: «Сөздің терең мағынасында қазіргі Қазақстан аумағы, біз қазақтар және көп этнодиаспоралар мекендейтін орыс тілді бұрынғы совет елінің территориясы» болдық.

Ғалымның айтуынша бүгіндегі біздің еліміздің ұлттық құрамы келесідей:

1. Мемлекет құраушы, әртүрлі деңгейде ассимиляцияға ұшыраған қазақ ұлты (этносы);

2. Социализмге дейін және кеңес заманында қазақ жеріне қоныс аударған орыс, басқа да славян текті диаспоралар.

3. Күшпен жер аударылып келген диаспоралар: (неміс, шешен, тағы басқалар), негізінен орыстілділер.

4. Түріктектес діні ислам, қазақ тілінен гөрі орыс тіліне бейімділер.

5. Тарихи отандарында мемлекеттілігі жоқ, басым орыстілді ұсақ этнодиаспоралар.

Мысалы, Қазақстанда 51 944 дүнген тұрады, олардың 49 пайызы қазақша еркін сөйлейді, оның 21,6 пайызы қазақша оқи біледі, ал оның 16,6 жаза біледі. Сол сияқты дүген ұлтының 98,7 пайызы орыс тілін еркін меңгерген, оның 92,8 пайызы орыс тілінде оқи алады, 10 пайыздан астамы жаза алады. Бұл ресми деректер.

Көріп отырғандарыныздай әртүрлі тарихи себептермен Қазақ жеріне қоңыс аударып келген өзге этнос өкілдерінің көпшілігі орыс тілінде сөйлеп, осы тілді қолай көреді. Бұл кеңестік идеалогияның жемісі, және де бүгінгі күнге дейін осы идеалогия ұстанымдарының ұлт мәселесіндегі мемлекеттік саясатта сабақтасып жүргізілуінің нәтижесі.

2020 жылдың ақпан айындағы Қордай жерінде болған оқиғаның себеп салдарлары еліміздің ақпараттық кеңістігінде жан-жақты талданып жатыр. Биліктің ұлт мәселенесіне қатысты жүргізіп отырған саясат тұрғысынан Қордай оқиғасының орын алу негізіне үніліп көрсек.

Қордай оқиғасы 2020 жылдың ақпан айының басында Мансаншы ауылында жергілікті дұнған ұлты өкілдерінің қазақ ұлтының жасы келген үлкен қариясы мен оның екі ұлын еш себепсіз сабауы, бір күннен кейін сол ауылдағы дұнған ұлты өкілдері мен жергілікті полиция қызметкерлерінің арасындағы жанжалдың себептерінен орын алды. Бұл Қордай оқиғасына түріткі болған оқиғалар тізбегі.

Ал Қордай оқиғасының туындауының басты себебі бұл жылдар бойы қазақ және дұнған этностары арасында шешілмей келе жатқан келесідей түйіткілді мәселелердің болуы: мемлекет ішіндегі мемлекетте өмір сүріп жатқандай, жергілікті жерде дұнған диспорасының тығыз шоғырланып орналасуы, жергілікті өзге этнос өкілдерімен аралас-құраластықтың болмауы, локалдық деңгейдегі әлеуметтік теңдіктің болмауы, дұған ұлты өкілдері тарапынан зорлық-зомбылық әрекеттерінің орын алып және де олардың заң шеңберінде жазаланбауы, айыпты дұнған ұлты өкілдерінің үнемі жазадан жеңіл құтылып кетуі, осындай оқиғаларға байланысты халықтың құқыққорғау органдарына деген сенімінің жоғалуы.

Ал енді осындай ахуалдың қалыптасуына негіз болған қандай жағдай деген сұраққа жауапты іздейтін болсақ, біз мемлекеттің ұлт мәселесіне қатысты жүргізіп отырған саясатына барып тірелеміз.

Мәселеге бірден түспес бұрын біз өткенгесәл шегініс жасап, мұндай ахуал тарихи қалай қалыптасты деген сұраққа жауап іздеп көрсек.

Қазақ этносының қалыптасуы мен мемлекеттігін құру тарихына қысқаша шолу

Қазақ ұлты, мемлекеттігі бар әлемнің басқа халықтары тәрізді рулық-тайпалық құрлыстан бастап этникалық бірегей ұлт түзіп, мемлекеттік құрған үдерісті басынан өткерген ұлттардың бірі болып саналады.

Қазақ ұлтының этногенез үдерісіне көз жіберер болсақ, қазақ ұлтын құраушы ру-тайпалардың этностық белгілері мен сипаты дәуіріміздің бірінші мыңжылдығында қалыптасты десек қателеспейміз.

Қазақтан шыққан, кәсіби түрде тарихты зерттеумен айналысқан, алғашқы зерттеушілердің бірі болып табылатын М. Тынышбаевтың «Қырғыз-қазақ халқы тарихының материалдары» («Материалы к истории киргиз-казакского народа».Ескертпе: 1925 жылға дейін патшалы Ресей импеиясы салып беріп кеткен соқпақпен ресми айналымда Қазақ ұлтының атауын – «Қырғыз-қазақ» деп атау орын алған) деген еңбегімен таныса отырып, Қазақ халқын құрайтын ру-тайпалардың генеологиялық тарихына егжей-тегжейлі тоқталған. Аталған еңбекке қарап отырып бүгіндегі қазақ этносын құраушы ру-тайпаларды біріктіруші 3 ортақ белгісі болғанын аңғарамыз. Олар: ортақ тілі, салт-дәстүрі, шаруашылығы. Осындай бірегейлігі бар ру-тайпалар қазіргі Моңғолияның теріскейі мен батысы, Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Сарыарқа, Маңғыстау мен Еділ-Жайыққа дейінгі аумақты қамтып жатты.

Тарихи жазушы әрі зерттеуші М. Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегінде Алтын Орда мемлекетінің сол қанатын құрайтын шығыс бөлігі Көк Орда деп аталатыны айталады. Бұл өзіндік  автономиялық белгілері бар мемлекеттік құрылым ішіндегі дербес субъект саналатынды, әрі Көк Орданың халқы жоғарыда аталған 3 ортақ белгілері негізінде этностық және саяси бірлікке қол жеткізген ел болғаны баяндалады.

Зерттеушінің пайымдауынша Алтын Орданың ыдырауы мен Көк Орданың өз алдына тәуелсіз мемлекеттік құрылымға айналуы, мемлекетті құрушы ру-тайпалардың бір ұлт болып танылуына, ордаланып ұлттық мемлекет құруына мүмкіндік ашқан. Алайда, түрлі тарихи оқиғалар мен саяси тартыстардың нәтижесінде бұл үдерістің аяқталуы тағы да бір ғасырға кейінге шегерілді.

Көк Орданың аумағында өз билігін жүргізген Көшпелі Өзбек мемлектінің билеушісі Шайбани Әбілқайыр ханнан Тоқай Темір ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандардың қарауындағы қалың халықпен 1456 жылы бөлініп шығу оқиғасы, бір ғасырға кейін шегерілген үдерісті жандандырып, қазақ ұлтының тарих саханасына шығып, мемлекеттігін құруына қолайлы алғышарт жасады, қазақ ұлтының этногенез үдерісі келесі жоғары кезеңге өтті.

Осы оқиғадан кейін Қазақ хандығы деп аталатын мемлекеттік құрылымның аясында қазақ ру-тайпаларының түпкілікті ұлт ретінде қалыптасу үдерісі жүрді. Шын мәнінде Қазақ хандығы ұлттық мемлекеттке айналды. Бұл примордиалистік теорияда айтылатын этноұлт, этноұлттық мемлекет еді. Бұл уақытта мемлекет бір этностан құралуына байланысты Қазақ хандығының қоғамдық саяси өмірінде ұлт мәселесі деген сұрақ болмады.

Алайда, Қазақ хандығы Ресей патшалығы бодауына өту кезеңінен бастап, басыбайлы крепоснойлық құқықтың жойылуына орай Ресейдің ішкі өлкелерінен шаруалардың біртіндеп Қазақ жеріне қоңыс аудар бастауы, ал 20 ғасырдың басындағы Столыпиннің аграрлық реформасының салдарынан қарашекпен орыс шаруаларының Ресейдің ішкі аудандарынан Қазақ жерлеріне жаппай қоңыс аударуы Қазақ жерінің этнодемографиялық келбетін өзгертті.

Ғалым М. Мырзахметовтың зерттеулеріне сәйкес көшпелі мал шаруашылығына қажетті жерлер бос жатқан жерлер болып есептелініп, олар сквоттерстволық әдіспен Ресейдің ішкі аудандарынан келген орыс шаруаларымен басып алына бастады. Патшалы Ресей үкіметі тарапынан «водворение» саясаты мақсатты түрде жүргізіліп, кейбір аумақтардағы славян тектес этнос өкілдерінің саны жергілікті қазақтардан басым жағдайға жетті.

Архив деректері Бірінші Дүниежүзілік соғыс қарсаныңда 45 млн. десятина ең шұрайлы қазақ жері Патшалы Ресей мемлекетінің қорына алынып, Қазақ жеріне қоңыс аударып келген 1,5 славян тектес халықтарға берілгенін айғақтайды.

Қазақ жерінде осы тектес саяси, этно-демографиялық оқиғалардың орын алуы ұлт мәселесін күн тәртібіне өткір қоя бастады. Іс-қағаздарының, әкімшілік, сот істерінің барлығы орыс тілінде қаралуы жергілікті ұлт – қазақ этносының тілдік дискриминацияға ұшырауына, орыс тілінің қоғамдық үстем сипат алуына, қазақ және орыс этнос өкілдерінің арасындағы істердің көп жағдайда әділ шешілмеуі сияқты келеңсіз жәйттермен аяқталуына әкеліп соқты.

Ұлт мәселесі Патшалы Ресей билігінің құлап, большевиктік Кеңес билігінің келуімен күрделі кезеңіне өтті.

Кеңес өкіметі кезеңіндегі Қазақстандағы ұлт саясаты

Патшалы Ресей мемлекеті, бодауындағы халықтардың ұлттық мемлекеттігі деген ұстанымды мойындамайтын біртұтас унитарлық құрылымды, экономикасы артта қалған ел болсада империялық амбициясы жоғары мемлекет болатын.

1917 жылғы қазаң төнкерісінен кейін биліктің басына большевиктердің келуі, одан соң бұрынғы патшалы Ресей мемлекеті аумағындағы азамат соғысы большевиктердің билігін нығайтып, Кеңес өкіметінің орнауына алып келді.

Билік үшін таласта большевиктердің бәсінің жоғары болуының сыры, ұлт мәселесіне қатысты жалаң ұранды шебер пайдалана білуінде болды. Большевиктер бұл күресте бұрынғы Ресей империясы құрамындағы ұлттардың өз тағдырларын өздері айқындау құқығын мойындайтындықтарын жариялай отырып, этнотерриториялық белгілеріне қарап вертикалды интеграцияланған, орталықсыздандырылған саяси мемлекеттік құрылым құрамыз деп жар салды. Отарлық бодаудан қажыған, дербес ел болудан үміті бар бұрынғы Ресей империясының отар елдері жер-жерлерде большевиктер ұстанымын қолдады. Бұл большевиктердің біртұтас бөлінбейтін Ресейді ғана танитын ақ гвардияшылармен күресінде жеңулеріне септігін тигізеген басты факторлардың бірі болып табылады. Нәтижесінде 1922 жылы 30 желтоқсанда сецессия құқығы бар тең халықтардың мемлекеттік одағы ретінде – Кеңес Социалистік Республикалар Одағы (әрі қарай мәтінде - КСРО) дүниеге келді.

Бұл уақытта Қазақ жерінде де саяси және тарихи оқиғалар қызу жүріп жатты. Алаш Орда партиясының алқауымен федеративтік республика құрамындағы ұлттық автономиялық мемлекет құру әрекеті, әскери, экономикалық һәм саяси күштері тең емес большевиктермен күресте сәтсіздікке ұшырады. Қазақ жерінде де билікке келген большевиктер, бұрынғы Алаш Орда партиясы өкілдерінің кеңес билігі қатарына кіріп жанқиярлық күрес жүргізіп, талап қоюы негізінде 1920 жылы 26 тамызда Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (әрі қарай мәтінде - РКФСР) құрамындағы Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құрды. Бұл саяси мемлекеттік құрылымның атауы 1925 жылыдың сәуір айында Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (әрі қарай - ҚазАКСР) болып өзгертілді, республика атауына қатысты тарихи әділеттілік орнады. 1936 жылы 5 желтоқсанда ҚазАКСР РКФСР құрамынан бөлініп, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (әрі қарай мәтінде - ҚазКСР) мәртебесінде, формальды түрде толыққанды дербес мемлекеттік құрылымға айналды.

Бүгінгі таңда қоғамда Кеңесі өкіметі мен ҚазКСР-да жүргізілген ұлт саясатына қатысты екі ұдайы қарама-қайшы пікірлер бар. Талассыз шындық Кеңес өкіметі кезіңде республика бойынша жаппай сауатсыздықты жою, экономиканы индустрияландырып әртараптандыру, ауылшаруашылығын дамыту, отырықшылық тұрмысқа өтіп тұтастай елді-мекендерді, қалаларды салу, мәдениет ошақтарын көбейтіп, бастауыш, орта, жоғары оқу орындарының, мдициналық мекемелердің саның арттыру бойынша нәтижелі жұмыстар жүргізілді. ҚазКСР өркендеп дамыды.

Дейтұрғанменде жоғарыда аталған жетістіктер мен жақсылықтарды таразының бір басына қойып, екінші басына ұлт мәселесіне тигізген залалын қоятын болсақ, көп зиян шеккенімізді аңғарамыз.

Мәселен Қазақ жеріне Кеңестік большевиктік билік орнаған кезден бастап, осы жердің иесі, автохтонды тұрғыны – қазақ ұлтының саны күр кеміп, республикадағы орыс этносы өкілдерінің саны артып, қазақ өз жерінде саны орыс және өзге этнос өкілдерінен кем аз этностық топқа айналды.

Тарихи статистикалық мәліметтер келесіні көрсетеді:

                                                                                                                                                                                       кесте 1

Этнос атауы

1897

1926

1939

1959

1989

2009

саны

үлес сал- мағы

саны

өсім   (-)(+)

үлес сал- мағы

саны

өсім   (-)(+)

үлес сал- мағы

саны

өсім   (-)(+)

үлес сал- мағы

саны

өсім   (-)(+)

үлес сал- мағы

саны

өсім   (-)(+)

үлес сал- мағы

%

%

%

%

%

Қазақ

3 392 751

84

3 627 612

6,9

58,5

2 327 625

-35,84

37,84

2 794 966

20

30

6 534 616

134

40

10 096 763

55

63

Орыс

454 402

11

1 275 055

180,6

20,6

2 458 687

92,83

39,97

3 974 229

62

43

6 227 549

57

38

3 793 764

-39

24

Өзге этностар

189 797

5

1 295 802

582,7

20,9

1 364 790

5,32

22,19

2 540 652

86

27

3 702 299

46

22

2 119 070

-43

13

Жиыны

4 036 950

6 198 469

53,5

6 151 102

-0,76

9 309 847

51

16 464 464

77

16 009 597

-3


Кестедегі мәліметтерден көріп отырғанымыздай Патшалы Ресей мемлекетті жүргізген 1897 жылғы санақ қортындысына сәйкес сол уақыттағы Қазақстандағы этностар арасындағы қазақ халқының үлес салмағы 84 %, ал жалпы 3 млн. 392 мыңнан астам адамды құраған. Осы кездегі қазақ жеріндегі орыс этносы өкілдерінің саны 454 мыңнан астам адамды, үлес салмағы 11%, өзге этнос өкілдерінің үлес салмағы 5 % құраған.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін халық санағы 1926 жылы жүргізіліп, қорытындысына сәйкес қазақ жеріндегі жалпы халықтың саны 53,5%-ға артып, 6 млн. 151 мыңннан асқан. Алайда қазақ этносының үлес салмағы 84%-дан 58,5%-ға дейін төмендеп, 1897 жылғы көрсеткішпен алғанда өсімі 6,9%, жан басы 3 млн. 627 мыңнан астам қазақты құраған. Яғни 30 жылға жуық уақыт аралығындағы қазақ этносының жан басының өсімі бар жоғы 234 мыңнан астам адамды құрады. Дәл осы кездегі қазақ жеріндегі орыс этносының өсімі 1897 жылғы көрсеткішпен алғанда 180,6% құрап, үлес салмағы 20,6% - ға, ал өзге ұлт өкілдерінің өсімі 582,7 %, ал үлес салмағы 20,9 % артты. Осы уақыт аралығындағы қазақ жерінде мекендейтін этностардың арасында қазақ этносының үлес салмағының азаюына 1918-1920 жылдарда орын алған азамат соғысындағы және де 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтың болуына байланысты өлім-жітім, сондай-ақ шетелдерге қазақтардың көшуі әсер етті деп есептейміз.

1939 жылғы санақ Қазақстанның этностық құрамы мен келбеті қатты өзгеріске ұшырағаның көрсетеді. Жалпы халықтың саны 47 367 адамға азайып 6 млн. 151 мыңнан астам адамды, өсім 1926 жылғы көрсеткішпен алғанда – 0,8% (минус нөл бүтін оңнан сегіз пайыз) құрады. Алайда осы жердің байырғы тұрғындары - қазақтардың саны күрт кеміп, 3 млн. 627 мың адамнан 2 млн. 327 мың адамға дейін төмендеп 1 млн. 299 мыңнан астам жан басын жоғалтты. Табиғи өсім 1926 жылғы көрсеткішпен алғанда – 35,8%-ға (минус отыз бес бүтін оңнан сегіз пайызға) дейін төмендеп, шын мәніңде қазақ этносының 3/1-і 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан (ресми жарияланған деректерде 3/1-і деп танылғанымен жекеленген зерттеушілердің зерттеу еңбектерінде 3/2-не жуық адам қырылған деген тұжырым бар), 1936-1937 жылдардағы сталиндік репрессиядан жойылды. Қазақтар өз жерінде этностық азшылықты құрады. Осындай өте үлкен масштабта қазақ этносының шығыны орын алғанда кезеңде республика аумағындағы орыс этносы өсімі 92,8%, жан басының саны 2 млн. 458 мыңнан астам адамды құрады, этностар арасындағы үлес салмағы 39,9% көрсетіп, 1926 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 20 % жуық артты. Бұл уақыттағы республикадағы өзге этностардың да табиғи өсімі 5,32 % көрсетіп 68 мыңнан астам адамды көрсетті, үлес алмағы 22,19% құрады. Статистикалық мәліметтер ҚазКСР халқының саны 1926 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай төмендемгенін, яғни бар болғаны 47 367 адамға азайғанын көрсеткенімен, 1939 жылғы санақ көрсеткіштерін этностық құрамына қарай талдайтын болсақ, осы жердің байырғы тұрғындары – қазақ этносы 3/1 –нен астам жан басын жоғалтып, табиғи өсімі - 35,8%-ға (минус отыз бес бүтін оңнан кегіз пайызға) дейін төмендеп кетті. Бұл «Қазақ» - деп аталатын ұлттың генофондын күйретіп жіберуге шақ қалған адамзат тарихындағы жасалған үлкен қылмыстардың бірі болатын. Бұл - КСРО деп аталатын алып мемлекеттік жүйеде ұлт мәселесінің аяққа тапталғандығын айғақтайды. Бұл ресми түрде ашаршылық деп мойындалған, қазақ этносының 3/1-ін жойылған геоноцид болатын.

Сталиндік кеңес билігінің осы геноцидтік саясатын бүгінде қазақстандық орыс тілді және ресейлік зерттеушілер, 1931-1933 жылдардағы Қазақстанда болған ашаршылық геноцид емес, бұл сталиндік кеңес басшылығының КСРО-да қарқынды индустриализация үдерісін жүзеге асыруға қажетті қаражатқа қол жеткізетін экспорттық өнім – астықты молынан өндіру үшін, ешқандай ғылыми зерттеулерсіз елеп-екшенбей жүргізілген аграрлық саясаты деп ақтауға тырысады. Олай болса осы ұстанымдағы зерттеушілер сталиндік ұжымдастыру саясаты тікелей сол кездегі қазақтың дәстүрлі экономикасы болып табылатын – малшаруашылығы және де шаруашылық ыңғайына қарай қалыптасқан дәстүрлі өмір салтын жоюға бағытталғанына неліктен назар аудармайды? Сталиндік агарлық саясатының салдары қазақтың дәстүрлі үй шаруашылығы мен қазақ жеріндегі 80% мал басын жойып жібергендігін, тіпті ұжымшарларға (колхоздар) біріккен қазақтардың астық өндіріп, содан қолдарына тиген соңғы астығына дейін сырып алғанын неге айтпайды?

Рас күштеп ұжымдастыру саясаты мен репрессия Мәскеуде жоспарланып, шынайы өмірде ұлттық белгілеріне қарамастан барлық эностарға қатысты жергілікті кадрлармен жүзеге асырылды. Алайда дәл осы кезеңде Қазақстан жеріндегі қазақ ұлтының 3/1 жойылып, табиғи өсімі 1926 жылғы көрсеткішпен алғанда – 35,8%-ға (минус отыз бес бүтін оңнан сегіз пайызға) дейін төмендеп кетті. Осы кезеңдегі Қазақстан жеріндегі өмір сүріп жатқан өзге этностар осындай деңгейде жойылып, табиғи өсімі минустық шекке өтіп кеткен емес, керсінше өзге этностардың барлығының жан басы қарқынды өскен.   

Осыған орай сталиндік кеңес билігінің жүргізген аграрлық саясаты шың мәніңде қазақ этносын жоюға бағытталған геноцидік саясат деп айтуға толық негіз бар.             Сондай-ақ күштеп ұжымдастыру саясаты жергілікті кадрлармен жүзеге асырылғаныменде, бұл саясаттың салдарын алдын-ала білуге мүдделі болмаған, және де осы саясаттың «асыра сілтеу» тәсілдерімен жергілікті кадрлармен жүзеге асырылуына мүмкіндік берген Сталин және кеңес билігінің жоғары басшылығы ең бірінші кезекте кінәлі болып табылады. Содан кейін ғана осы қанды саясаттың жүзеге асырылуына өздерінің өлшеусіз үлестерін қосқан – жергілікті кадрлар кінәлі.

XX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы қазақ этносының ұлттық азшылықта болуына тікелей әсер еткен оқиға - бұл 1954-1965 жылдары жүргізілген «Тың және тыңайған жерлерді игеру» деп аталатын КСРО-ның аграрлық саясаты болды. Осы саясатты нәтижесінде Қазақстанға миллиондағын славян текті халықтар мен басқа да этнос өкілдері көшіріліп әкелінді.

КСРО-да 1959 жылы жүргізілген санақтың нәтижесі көрсетіп отырғандай, осы кезеңдегі Қазақстандағы халықтың саны 9 млн. 309 мыңнан астам болған, 1939 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда табиғи өсім 51% құраған. Этностық құрамына қарай талдайтын болсақ, қазақ этносының табиғи өсімі 1939 жылғы көрсеткішпен алғанда түзеліп 20% шыққан, жан басы саны 2 млн. 794 мыңнан астам адамды құрап, 467 909 адамға өсті, этностар арасындағы үлес салмағы 30% құрады. Сәйкесінше осы кезеңдегі орыс этносының өсімі 1939 жылғы көрсекішпен алғанда 62% құрап, жан басының саны 3 млн. 974 мыңнан астам адамды құрап, 1 515 542 адамға өскен, этностар арасындағы үлес салмағы 43% құрады, республикадағы саны көп негізгі этносқа айналды. Сондай-ақ өзге этнос өкілдерінің жиынтық көрсеткіштері де олардың да республикада қарқынды өскенің көрсетеді. Мәселен, 1939 жылғы көрсеткішпен алғанда өзге этностардың табиғи өсімі 86% шығып, адам саны 2 млн. 540 мыңнан асқан, жан басы 1 175 862 адамға өскен, үлес салмағы 27% құрады. Жоғарыдағы ақпараттан көріп отырғанымыздай бұл кезеңде де байырғы ұлт - қазақ этносының табиғи өсімі өте төмен болған, КСРО-ның тың және тыңайған жерлерді игеру деген желеумен КСРО-ның басқа аумақтарынан славян текті халықтар мен өзге этностарды көптеп әкелуі салдарынан этникалық аз топқа айналуы айқын көрінді. Н. Хрущевтің осы кезде жүргізген саясатына қатысты: «Патшалы Ресей үкіметі қаншама ғасыр бойына жүзеге асырылмаған істі мен бар болғаны айналасы 2-3 жылада жүзеге асырдым» деген афоризмге айналған даңғаза мақтаныш сөзі текке айтылмаған тәрізді.

Қазақстандағы қазақ этносының саны 1926 жылғы межеге жетіп, одан асуы тек жарты ғасырдан астам уақыт өткеннен кейін ғана жүзеге асып, «қазақ өз жерінде этникалық аз топ» деген көрсеткіштен арылуы XX ғасырдың 80 жылдарымен тұспа-тұс келді. 1989 жылғы жүргізілген санаққа сәйкес республикадағы жалпы халықтың саны 16 млн. 464 мыңнан астам адамды, ал табиғи өсуі 1959 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 77% құрады. Қазақ этносы өкілдерінің саны 6 млн. 534 мыңды құрап, 1959 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда табиғи өсім 134 % шығып, жан басы 3 739 650 адамға өсті. Этностар арасындағы үлес салмағы да артып, бұған дейін этностық басым топ болып есептелетін орыс этносымен теңесіп 2%-ға асты, жалпы 40% құрады. Осы кезеңдегі республикадағы орыс этносының саны 6 млн. 227 мыңнан асып жығылды, табиғи өсімі 57% құрап, жан басы 2 253 320 адамға өсті, үлес салмағы 38% құрады. Өзге этностардың табиғи өсімі 1959 жылғы көрсеткішпен алғанда 46% болып, адам саны 3 млн. 702 мыңнан астам адамды құрады, жан басы 1 161 647 адамға артты. Жалпы алғанда бұл кезең Қазақстанды мекендеген барлық этностар үшін жаймашуақ қолайлы болғанын көреміз.

Осы ретте жалпы КСРО-дағы ұлт мәселесіне қатысты жүргізілген саясаттына тоқталатын болсақ, ұлт саясатын большевиктер партиясы социализм құрлысының құрамдас бөлігі ретінде қарады. Ұлттық мәселе одақтағы ұжымдастыру, индустрияландыру, мәдени өзгерістер, қарқынды модеринизация аясында қарастырылып, бұл атқарылып жатқан жұмыстар бірін-бірі толықтыратын, ажырамайтын тұтас бір мәселе деп қабылданады.

Ұлт мәселесінде кеңестер билігі формальды түрде кеңестік ұлттық республикаларды құра отырып, кейінен олардың барлығын тапсыз, ұлтсыздандырылған қоғамға айналдыруды көздеді.

Большевиктердің коммунистік партиясы ұлттық кімдікті (идентичность) мойындамайтын ортодокасалды марксистік ілімге табан тірей отырып, ұлт мәселесіне үлкен залал келтіретін ұлы орыстық шовинизм жолын тандады. Мақсаттары ұлттық кімдіктен (идентичность) жоғары тұратын «кеңес адамы» деген кімдікті (идентичность) бұқара халықтың санасына тану болды.

Аса мұқият ойластырылған саяси шешімдерді талап ететін, өте нәзік ұлт мәселесі тақырыбы әміршіл-әкімшіл тәртіппен қаралып, коммунистік партия басшылығындағы адамдардың волюнтаристік - жеке амбициялық, және де ұлттық төлумалық пен ерекешелік мәселелерін назарға алмайтын социалистік мазмұнда идеалогияландырылған авантюралық тәсілдермен шешілді.

В.И. Ленин дүниеден өтер алдындағы коммуинистік партияның XII съезінен бастап КСРО құлағанға дейінгі барлық съездерде Кеңес Одағында ұлт мәселесі жоқ, барлық түйіткілді мәселелер шешілді деп мәлімделіп келді.

Жалпы КСРО-да большевиктердің коммунистік партиясы ұлт мәселесінде этностардың ұлттық мемлекеттік құрылым ретінде өзін айқындаудан бастап ұлттық мәдениетті дамытуға дейінгі сұрақтарда қитұрқы қос стандартты гибридтік саясат ұстанды.

XX ғасырдың 80 жылдарында КСРО-да 53 ұлттық-мемлекеттік және ұлттық-әкімшілік құрылымдар болады. Олардың 15-і республика, 20-сы автономиялық республика, 8-і автономиялық облыстар, 10-ы округтар болды. Бұлардың ішінде РКФСР құрамына 16 автономиялық республика, 5 автономиялық облыс, 10 округ кірді.

Жоғарыда көрсеткеніміздей этностардың ұлттық мемлекеттік құрылымды айқындау мәселесінде, республика статусында формальды түрде сецессия, яғни бөлініп шығу құқығы берілген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарды құруға мүмкіндік берілді. Алайда шын мәніңде 15 одақтас республика Мәскеуге тікелей бағынышты болатын, олардың одақтан бөлініп шығу - сецессия құқығы қағаз бетіне түсірілген жай ғана декларация болды. Мәскеу 70 жылға жуық осы 15 республиканы ашса алқаныңда, жұмса жұдырығында ұстады, ұлттық мүделлерін ескермей озбыр саясат ұстанды. Мұның жарқын мысалын біз Н.С. Хрущевтің XX ғасырдың 60 жылдары Қазақстанның солтүгіндегі 5 облысты РКФСР құрамына қосып алмаққа ниеттенген әрекетінен көреміз.

Республикалардағы ұлттық мәдениет социалистік мазмұнның аясында дамытылып, социалистік мазмұн аясынан шыққан ұлттық мәдениет құбылыстары феодалдық заманда қалыптасқан ескіліктің сарқыншақтары, ұлтшылыдық деп бағаланып, қатаң шектелді.

Кеңестік идеалогия социалистік құрлыстың міндеті - КСРО деп аталтын алып мемлекеттік құрылым аумағында қоғамдық даму формациясы әркелкі рулық-тайпалық құрлыстан бастап, феодалдық құрлыс, сондай-ақ капиталистік қатынасқа өткен халықтардың даму деңгейін теңгеру деп насихаттады. КСРО аумағындағы барлық ұлттар мен этностар тең деп жариялады. Бұл шыныменде алдынғы қатарлы прогрессивті идея болатын. Алайда, осы идея қалай және қанадай тәсілдермен жүзеге асырылды?

Бұл идея КСРО құрамындағы халықтардың ұлттық төлтумалығы мен ерекшеліктері, ұлттық мәдениеті мен тарихи құндылықтарын жоя, ауыр нұсқан келтіре отырып жүзеге асырылды. Патшалы Ресей билігі тұсында өз алдына бөлек ұлт ретінде өмірі сүріп жатқан көптеген этностар ана тілдерінен айрылып жойылып кетті.

1938 жылы Халық Комиссарлары Кеңесі және большевиктердің Бүкілодақтық комунистік партиясы Орталық Комитенің «Ұлттық республикалар мен облыстардағы мектептерде орыс тілін міндетті түрде оқыту туралы» бірлескен қаулысы шықты. Аталған қаулы КСРО бойынша білім ошақтарындағы тәрбие және оқыту үдерісін ұйымдастыруда орыс тілінде басымдық берді. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп танылды. Ресей мемлекеті тарихын оқыту жолға қойылып, орыс ұлтының идеалогиялық рөлі күшейтілді, орыс ұлты – «Аға ұлт» деген түсінік қалыптастырылды. Одақтық деңгейде орыстандыру саясаты қарқынды жүргізілді.

ҚазКСР-гі жағдайға келетін болсақ Қазақстан іс жүзінде кеңес әдеби айналымында жиі қолданатын «Халықтар достығы лабораториясына» айналды. Бұған жоғарыда баяндап өткеніміздей Патшалы Ресей заманынан бастап славян текті халықтар мен өзге де ұлт өкілдері Қазақ жеріне жаппай қоңыс аударуы, халықтардың Сталиндік депортациясы, Хрущевтің тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны кезінде сырттан көптеген ұлттардың қоңыс аударып келуі әсер етті. Бұл кезеңде қазақ ұлты өз жерінде тұрып, ұлттық азшылыққа айналды. Қоғамдық қатынас, іс-қағаздарын жүргізуде орыс тілі ресми қарым-қатынас тіліне айналды. Осыған байланысты қоғамдық және ұлтаралық қатынаста орыс тілділердің мерейі үстем болды. Қазақ этносының өкілі өз жерінде тұрып, өзінің ана тілінде өзін тұлға ретінде жүзеге асыра алмайтын, құқығын қорғай алмайтын жағдайға жетті. Ұлтаралық қатынаста түйіткілді мәселелер интернационалдық принцптер негізінде байырғы автохтонды ұлт – Қазақ этносының ұлттық мүдесіне нұсқан келтіре отырып шешілді.

Республика аумағында қазақ тіліндегі мектептердің саны орыс тілді және аралас мектептердің санынан аз болды. Мәселен тәуелсіздігімізді алатын жылдың қарсаныңдағы мәліметтер бойынша республикадағы жалпы орта білім беретін мектептердің саны 8230 болған. Олардың ішінде 2798 қазақ тілінде, 3570 орыс тілінде, қалған 87 мектеп тәжік, өзбек, ұйғыр тілінде тәрбие және білім берген. Зер салып қарасаныздар 1991 жылдары республикадағы қазақ этносы өкілдерінің саны бұған дейін басым болып келген орыс этносы санымен теңесіп, басымдық алып аса бастаған тұс. Осы кездің өзінде қазақ мектептерінің саны қысқарып, орыс тілді мектептерден аз болды. Шынтауйтында қазақ тілді мектептердің саны жалпы республика аумағындағы мектептердің 3/1-ін де құраған жоқ. Себебі, аралас тілді мектептер дегеніміз іс жүзінде орыс тілі басымдық берілген білім ошақтары болатын, яғни шапаның теріс айналырып кигізген орыс тілді мектептер еді. Аралас мектептер рухани отарлдаудың құралы болғандығын ғалым Мекемтас Мырзахметов ағамыз өзінің еңбектерінде зерттеп, зиянды қыр-сырын ашып, ұлттығымызға қатерлі екенін тарихи дәлелмен ғылыми негіздеп жазды. «Түземдіктердің мектебі» деп аталатын аралас мектептердің бастауында Патшалы Ресей мемлекеті тұсындағы миссионерлер Ильминский, Алекторов, Остроумовтар тұрды. Олар қазақты орыстандырудың кілті – аралас мектепте деп қараған.

Сондай-ақ 1991 жылғы мектепке дейінгі ұйымдардың статистикасына назар аударатын болсақ, республика аумағында 8743 бала-бақшалар жұмыс істеген. Олардың 6995 орыс тілді, ал 1748 қазақ тілді бала-бақшалар болған, яғни 75%-дан астамы орыс тілді мектепке дейінгі ұйымдар болды.

Өнер мен білім мәдениет ошақтары болып табылатын үлкен қалаларда инетрнационалдық принцпен халықтардың этностық белгілеріне қарай жасырын лимиттер белгіленді. Қалаға қоңыс аударуды қалаған қазақ этносы өкілдерін қалаға тіркеуге алмай, қоңыс аударуға мүмкіндік бермеді. Мәдениет пен өркениеттің ошағы деп танылған Алматы қаласының өзінде жалғыз бір ғана қазақ тілді мектеп болды. Қалардағы қазақ этносы өкілдерінің саны аз болды, қазақтар негізінен ауылды жерлерде өмір сүрді. Ауылды жерлерде мектеп бітірген түлектерге бірден жоғары оқу орынына түсуіне мүмкіндік бермей, коммунистік құрлысты құруға ат салысулары үшін бір-екі жыл шопандарға көмекші қылып жіберілді. Бір жылға ауылда қалған қыз балалар көбінесе тұрмыс құрып сол жерде қалатын. Ер балалар жарқын коммунизмді құруға өз үлестерін қосқаннан кейін әскери борыштарын өтеуге Кеңес армиясына баратын. Армиядан кейін көбінесе жоғарғы оқу орынына түсу мәселесінің өзектілігі көмескі тартып, әрі қарай ауыл тіршілігіне араласып кете беретін. Тұрмыстық шовинизм өркендеп, қоғамдық орындар мен көшелерде қазақ тілінде сөйлескен адамдарға славян текті халықтардың таратыпан түсініксіз тілде сөйлесулерін доғарып, орыс тілінде сөйлесулерін талап еткен ескертулер жасалды.

КСРО құрамында болған ҚазКСР-дағы ұлт мәселесінің жалпы жағдайы осындай болды. Бейнелеп айтсақ, орыс тілі жоғары арбитр қызметінде болып, этнос аралық қарым-қатынастың құралы саналды. Орыс тілің тұтынушалардың құқығы айрықша қорғалып, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Соған орай барлық артықшылықтарды пайдалануына жол ашылды. Осы жердің түпкіліпті байырғы тұрғындары – қазақтар демографиялық ес жиып, этностық басымдыққа шыға бастауына қарамастан ана тілі тұрмыстық деңгейден аспайтын этнос ішіндегі қарым-қатынас құралына айналды. Ұлттық мүдде интернационалдық принцп деген желеумен шектеліп, орыс шовинизмі кең етек жайды. Этностардың ұлттық кімдігін (идентификация) айқындауға жол берілмей, «Совет адамы» деген түсінік сырттан идеалогиямен танылды. Этностар арасындағы кез келген мәселе қазақ этносының мүддесін шектеу есебінен шешілді. Қазақ этносы өкілдері санасында интернационалдық принцптермен тапталған бойкүйездік, көнбістік стереотипі қалыптасты. Бұл халықтар достығының, ыңтымақтастығының, татулығының жарқын көрінісі, эталоны деп насихатталды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстандағы ұлт саясаты

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Қазақстан, ұлт мәселесіндегі КСРО-дан мұраға қалған саясатты жалғастырушы елдердің бірі болып табылады. Ұлт мәселесіндегі әлемдік тәжірибе, жаңа уақыт талабы назарға алынбай, бұрынғы кеңестік саясат «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйыммен бүркемеленіп, Қазақстанның ұлт саясатындағы әлемде аналогы жоқ моделі ретінде насихатталуда.

Қазақстан унитарлы мемлекет бола тұра, көп ұлтты мемлекет деп жарияланды. Мемлекеттік тілі қазақ тілі бола тұра, орыс тіліне конституциялық мәртебе беріліп, ресми қарым-қатынас тілі деп танылды.

Заң шығару саласына қатысты қоғам өмірін реттейтін барлық нормативтік-құқықтық актілер орыс тілінде әзірленіп, даярланып, қабылданып, кейіннен қазақ тіліне аударылуда. Аудару сапсының өзі сын көтермейді, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған құжаттардың мазмұның түсіну қазақ тілін жетік білетін азаматтардың өзіне ауыр соғуда. Сондықтан да көпшілік азаматтар нормативтік-құқықтық құжаттарды түпнұсқа, яғни орыс тілінде оқып-түсінуді қолай көреді. Министрліктерден бастап қияндағы ауылға дейінгі мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздары орыс тілінде қазақ тілімен қатар жүргізілуде. Мемлекеттік органдаға орыс тілінде түскен өтініштер мен арыз-шағымдарға қазақ тілінде жауап беру қатаң жазаланатын болсын деп ресми түрде БАҚ-нан жарияланды.

Кеңес дәуірінде автохтонды этнос өкілдерінің бойында қалыптасқан бойкүйез, көнбістік сана «интернационалдық принцп» деп насихатталса, бүгінде ол «толеранттылық» деп дәріптеліп, мемлекетті құрушы қазақ этносының ұлттық мүддесін шектеу кеңес дәуіріндегідей жалғасын табуда.

2009 жылғы санақ нәтижесінде Қазақстанның жалпы халық саны 16 миллионнан сәл ғана асты. Табиғи өсім 1989 жылғы көрсеткіштен – 3%-ға (минус үш пайызға) төмендеді. Қазақ этносы өкілдерінің саны 10 млн. 96 мыңды құрап, 1989 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда табиғи өсім 55 % шығып, жан басы 3 562 147 адамға өсті. Этностар арасындағы үлес салмағы үстем деңгейге шығып 63% шықты. Осы кезеңдегі республикадағы орыс этносының саны жаппай миграция мен табиғи өлім-жітімнің салдарынан 3 млн. 793 мыңға дейін төмендеді, табиғи өсімі – 39% (минус отыз тоғыз) болып, үлес салмағы 24% құрады. Өзге этностардың табиғи өсімі 1989 жылғы көрсеткішпен алғанда жаппай миграция мен табиғи өлім-жітімнің салдарынан 2 млн. 119 мың адамға дейін азайды, табиғи өсімі - 43% (минус қырық үш пайызды) болып, үлес салмағы 13% құрайды.

Республика аумағындағы қазақ этносы өкілдерінің саны жалпы халық санының 60%-дан асқанына қарамастан қазақ тілі сол кеңес дәуіріндегідей тұрмыстық деңгейден жоғары көтерілген жоқ. Кеңес дәуіріндегідей қоғамдағы көптеген артықшылықтарды орыс тілінің тұтынушылары көруде. Заң шығару, атқару, сот билігінің ең жоғарғы мансабынан бастап ең төменгі сатысына дейін қызмет атқаратын мемлекеттік қызметшілер қазақ этносының өкілі болуына қарамастан орыс тілінде қызметін жүргізуді қолай көреді. Мемлекет тарапынан қазақ тілін барлық азаматтары қызметтерінде, қоғамдық қарым-қатынаста күнделікті, жетік әрі еркін қолдануға талап қойылмайды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңында Ассамблеяның мақсаты: «Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан Республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету» деп нақты айқындалған.

Осыған орай қоғамдағы қазақ халқының топтастырушы рөлін жүзеге асыруының басты құралы бұл – қазақ тілі екені айтпасада түсінікті. Алайда биік мінберлерден жоғары лауазымды тұлғалардың осы тақілтес айтылған ойлары шынайы өмірде жүзеге аспай декларция күйінде қалуда

Қазақ тілінің ғылым, білім, экономиканың тілі болып қалыптасуы, ұлтты ұйыстырушы рөлін айтпағанда, тұрмыстық қарым-қатынас тілі деңгейінен шыға алмауына Қазақстанның білім саласындағы жүргізіліп жатқан саясаты да әсер етуде. Төмендегі кестедегі мәліметтер осыны айғақтайды.

                                                                                                                                              кесте 2

Оқыту тілі бойынша мектептер

жылдар

Білім алушылар саны (2017)

1991

2017

мектептер саны

қазақ тілінде

2768

3746

1 323 339

орыс тілінде

3570

1237

378 614

аралас тілде

1805

2037

1 253 924

өзбек тілінде

73

13

9 119

ұйғыр тілінде

11

12

6 053

тәжік тілінде

3

2

1 270

Жиыны

8230

7047

2 972 319

 

Кестеден көріп отырғанымыздай республикадағы мектептердің саны тәуелсіздік алар тұста 8230 мектепті құрады. Олардың 3/2-і (орыс және аралас мектептерді қоса алғанда) жоғарыда атап өткеніміздей орыс тілінде тәрбие және білім беретін мекемелер болды.

2017 жылғы мәліметтерге сәйкес республикадағы мектептердің саны 7047 болды, 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1183 мектепке қысқарған. Қазақ тілді мектептердің саны 1991 жылғы көрсеткішпен алғанда 978 мектепке, аралас мектептердің саны 232 артты, ал орыс тілді мектептердің саны 2333 мектепке кеміді.

Бір қарғанда қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны артып, бұрындары айқын басымдықта болған орыс тілді мектептердің саны азайғандай сияқты болып көрінеді. Алайда мұқият зер салып қарайтын болсақ, оқу үдерісінде орыс тілі басым болатын орыс тілді және аралас мектептердің жиынтық саны 3274 құрап, қазақ тілді мектептердің жалпы санына жақындайды. Ал осы мектептердегі оқып жатқан оқушалардың санына келетін болсақ, онда қазақ тілді мектептерде 1 323 339 оқушы, ал орыс тілді және аралас мектептерде оқып жатқан оқушылардың жиынтық саны 1 632 538 құрап, қазақ тілді мектептерде оқып жатқан оқушылардан 309 199 оқушыға артық. Орыс тілді мектептерді айтпағанда, аралас мекетептерден жыл сайын орыс тілінде ойлап, орыс тілінде сөйлейтін оқушылар конвейрмен шығарғандай мыңдап түлеп ұшып жатыр. Яғни орыс тілді азаматтардың кеңес кезіндегі қоғамдағы басымдығын қамтамасыз ету функциясы іс жүзінде орыс тілді мектептерден алынып, аралас тілді мектептерге жүктелді. Қазақ тілді мектептер санының ресми статистикадағы басымдығы цифра жүзінде болғаныменде, мұқият ойластырылған қитұрқы саясат, қоғамда аралас мектептер арқылы орыс тілді азаматтардың көп болуын қамтамасыз етіп отыр.

Prudent Solutions («Ақылды Шешім») аналитикалық орталығының зерттеулерінше тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері елімізде Қазақстан азаматтарының өз елі үшін мақтаныш сезімін тудыратын ұлттық һәм мемлекеттік идеалогия жүргізілген емес. Оның орынына бір ғана басшының елді тапжылмай басқарып отырғанын түсіндіретін, шетелдіктерді алдаусырату үшін сөз бостандығы, сайлау және тандау құқығы сияқты мифтерді дәріптейтін мемлекеттік мифология дамытылды.

Жоғарыда баяндалған жағдайларды ескеретін болсақ, еліміздегі ұлт мәселесінде қазақ халқының топтастырушы рөлін арттыруды көздейтін, қазақ тілінің республика аумағындағы барлық этностарды ұйыстырушы фактор екенін негіздейтін ұлттық һәм мемлекеттік идеалогия құру мүмкін емес. Осыдан барып еліміздегі ұлт мәселесі саясатында қозғалмағын тақырыптар пайда болып, этносаралық түсініспеушіліктер орын алады.

Тәуелсіз Қазақстандағы ұлт мәселесі саясатының моделі қандай болуы тиіс?

Гуманитарлық ғылымның ресми айналымдарында этнос, ұлт (нация), ұлттық (национальность), және халық деген ұғымдар мен терминдер бар.

Кеңестік ғылымда осы аталған терминдер халықаралық ғылыми қауымдастықпен мойындалған ұстанымнан бөлек қолданылды. Кеңестік ғылымда этнос пен ұлт (нация) ұғымдарының ара-жігі ажыратылмай синоним сөздер іспетті қолданылып, ғылыми қойыртпақ жасалды. «Ұлт» (нация) термині аясында халықтың этностық белгілеріне мән беріліп, ұлт дегеніміз – қазақ, қырғыз, өзбек, орыс, укарин, эстон және т.б. деп түсіндірілді. Негізінде бұл ұлт деген ұғымға қатыстылығы бар этнос ұғымын ашатын түсіндірме. Ал ұлттық (национальность) ұғымы азаматтардың этникалық қауымдастыққа қатыстылығымен түсіндірілді. Бұл ұстаным посткеңестік кеңістіктегі көптеген елдерде күнібүгінге дейін қолданылып келеді. Осындай қойыртпақтың нәтижесінде ұлт мәселесіне қатысты солақай саясатты ұстануға жол берілді.

Осы аталған терминдердің ара-жігін ажыратып дұрыс түсіну, халықаралық ғылыми қауымдастықпен мойындалған ұстанымда айтылғандай орынды қолдану бізге ұлт мәселесіндегі әлемдік тәжірибеге сай саясат моделін құруға мүміндік береді.

Алдымен этнос терминінің аңықтамасын талдасақ. Этимологиялық тұрғыдан алғанда -«этнос» грек сөзі, халық деген мағынаны береді. Ғылыми айналымға алғашқылардың бірі болып орыс этнограф ғалымы - С. М. Широкогоров енгізген.

С.М. Широкогоров және Макс Вебер берген аңықтамаға сәйкес этнос термині шығу тегі бір, ортақ салт-дәстүрлері бар, бірде тілде сөйлейтін адамдар тобы. Этнос белгілі бір аумақта ұзақ тарихи уақыт бойында табиғи қалыптасатын, іштен бөлінбейтін базалық әлеуметтік бірлік. Ұзақ уақыт бойы өзгеріске ұшырамаған, өз ана тілі мен мәдениетін сақтаған, статикалық, дәстүрлі-консервативтік бірлікті – «этнос» деп атаймыз. Сондықтан да этнос мәдениетінің ішіне кіріп оны бөлшектеу, этносты ыдыратуға бағытталған әрекет болып есептелінеді. Мәселен, этностың ана тілінен айыру, ол этностың жойылып, өзінен үстем этностың ассемиляциясына ұшырауына әкеп соғады.

«Халық» деген термин, бұл да базалық этноәлеуметтік ұғым болып табылады. Тарихи үдерістер барысында этностар өзге этностармен өзара қарым-қатынасқа түсіп, өзінің статикалық күйінен ажырай бастайды, бірте-бірте бұл этностар бірігіп, бір халықты құрайды. Халықтың қалыптасуының басқа да жолы бар. Ол халық ретінде қалыптасқан белсенді құрылымның өзінің маңайындағы этностарды әскери күш қолданумен өзіне қосуы. Осындай әрекеттердің негізінде ұсақ этностар үстем халықтың құрамына жұтылып кетеді. Халық болып қалыптасқан құрылымның ішкі жіктелуіде жоғары деңгейде болады. Осындай бірнеше этностардан халық ретінде құралған құрылымдар өз мемлекеттіктерін құрып, әлемдік өркениетті қалыптастыруға қатысады. Бірнеше тіпті ондаған этностардан құралып мемлекеттік түзген елдердің мысалы ретінде Швейцария, Пакистан, АҚШ сияқты елдерді айта аламыз.

Алайда тарихта бір текті этностан тұратын халыққа айналып, кейін мемлекеттік деңгейіне дейін өскен этноұлттық мемлекеттер бар. Мысалы, мемлекеттік саяси басқару формасы ретінде хандық билік жойылғанға дейінгі – Қазақ хандығы.

Ал енді ұлт (нация) терминіне келетін болсақ, «natio» деген латын сөзінен алынған. Этимологиясы тайпа, халық, адамдар бұқарасы деген ұғымды береді. Ұлт (нация) сөзі қарапайым ғана тайпа, халық, адамдар бұқарасы деген ұғымнан саяси қауымдастық деген мағынаны білдіретін ұғымға дейін ұзақ тарихи кезең уақыт аралығында өзгеріп трансформацияға ұшырады. Бүгіндегі әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған және қолданатын ұғымы XVIII ғасырда қалыптасты.

Сонымен ұлт (нация) дегеніміз бір мемлекеттің аумағында өмір сүріп жатқан          жеке адам-индивидтердің саяси қауымдастығы болып табылатын қоғамдық бірлік. Ұлт (нация) қалыптасуы барысында сол ұлтты құрайтын этностар мен халықтардың арасындағы мәдени айырмашылықтар көмескіленіп, ұлтты айқындаушы критерийлердің қатарында алға шықпайды. Бұл, «қайнап тұрған үлкен қазан» іспетті бір мемлекет шегінде жасанды жолмен құрылған, этникалық кімдіктің (идентичность) дәстүрлі формаларын көмескілендіретін мемлекеттік саяси құрылым. Ұлт қалыптасуы кезінде көп жағдайда этникалық топтар арасында тілдік айырмашылықтар жойылып, мемлекеттегі жан саны басым этностың тілі сол мелекеттегі барлық этностар қолданатын мемлекеттік тіл ретінде танылады. Қорыта айтқанда ұлт (нация) термині адамдардың белгілі бір мемлекетке қатысты азаматтығын айқындайтын шама.

Ұлттық (национальность) терминің ғылыми айналымға австриялық марксист, саяси қайраткер О. Бауэр енгізді. Ол бұл терминді ұлт (нация) деңгейіне өткен халық деп түсіндірді. Ұлттық (национальность) терминінің бүгіндегі түсінігі азаматтық белгісі бойынша белгілі бір ұлтқа (нация) қатыстылығын айқындайтын ұғымды білдіреді. Жоғарыда атап өткеніміздей кеңестік ғылым ұлттық (национальсность) терминің этнос терминіне синоним ретінде қолданды. Бұл әлемдік ғылыми қауымдастық қабылдаған аңықтамаға сәйкес келмейді. Себебі, мемлекет құрамына кірген этносты ұлттық (национальность) деп атау, заңдық-құқықтық тұрғыдан оларды сепартизмге шақырумен бірдей.

Сонымен қорыта айтатын болсақ ұлт адамның (нация) мемлекетке қатыстылығын айқындайтын болса, ал ұлттық (национальность) азаматтықты айқындайды. Мысалы, Қайрат пен Владимир дос. Олар Қазақстанның Алматы шаһарында туып-өскен. Қазір сол шаһарда тұрады. Қайрат пен Владимирдің ұлты – қазақ, Қазақстан мемлекетінің азаматтары. Этникалық белгілеріне қарай Қайраттың этносы – қазақ, Владимирдің этносы – орыс.

Әлемдік ғылыми қауымдастық қабылдаған «ұлт» термині түсінігін ашатын тағы бір жарқын мысал – бұл Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталатын халықаралық ұйым. Бұл ұйымға мүшелікке этностық белгілеріне қарай емес, саяси құрылымына қарай – мемлекеттер болып қабылданады. Мәселен, 180-нен аса этностардың басын біріктірген Ресей Федерациясының әр этносы бұл ұйымға жеке-жеке этностар ретінде мүшелікке тұрмайды, біртұтас Ресей Федерациясы мемлекеті болып мүшелікке қабылданды.

Ұлттардың (нация) пайда болуы туралы көптеген теориялар бар. Әлемдік ғылыми қауымдастық олардың арасынан екеуіне ерекше назар аударады. Олар, саяси ұлтты (политическая нация) негіздейтін конструктивтік теория, екіншісі этно ұлтты (этнонация) негіздейтін примордиалистік теория.

Қысқаша тоқталатын болсақ, конструктивтік теория ұлтты (нация) мақсатты түрде конструкция тәрізді құрастырылған, қолдан жасалған құрылым ретінде сипаттайды, яғни жоғарыда айтып өткен жеке адам-индивиттердің этностық белгілерінен тыс бір мемлекеттің аумағында саяси қауымдастыққа бірігуі.

Ал, примордиалистік теория ұлтты (нация) бір текті этностан тұратын, табиғи жолымен мемлекеттік құрылым деңгейіне дейін өскен адамдардың этно ұлттық қауымдастығы деп түсіндіреді.

Біздің елге тоқталатын болсақ, Қазақ ұлтың сипаттауға осы екі терияны да қолдана аламыз. Жоғарыда көрсеткеніміздей, Қазақ этносы осы қазіргі өзі өмір сүріп жатқан аумақта этнос ретінде қалыптасып, бір текті этностан тұратын мемлекеттік құрылым деңгейіне дейін жетіліп, этно ұлттық мемлекет ретінде Қазақ хандығы мемлекеттік саяси құрылымы ыдырағанға дейін өмір сүрді.

Қазақ елі отаршыл патшалық Ресейдің бодауына түсіп, қазақ жеріне славян текті және басқа этностардың көптеп қоңыстандыру кезеңінен бастап констурктивтік теорияда айталатын саяси ұлтқа (политическая нация) айналды.

Бүгінгі таңда ұлттың (нация) екі түрі бар: біріншісі – полиэтникалық ұлт (полиэтническая нация), екіншісі – моноэтникалық ұлт (моноэтническая нация).

Осылардың ішінде моноэтинкалық ұлт өте аз, тек әлемнің қиыр шетінде орналасқан елдерде кездеседі. Мысалы, Исландия елі.

Ал, әлемнің басым көпшілігі – полиэтникалық ұлттар. Мұндай ұлттар әртүрлі тарихи кезеңдегі әлем халықтарының түрлі саяси оқиғалардың әсерімен мидай араласу нәтижесінде қалыптасты. Мұның жарқын мысалы – политникалық Қазақ ұлты.

Жоғарыда көрсетілген аңықтамалардың негізінде, сондай-ақ әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған ұстанымға сүйене отырып, біз Қазақстан полиэтникалық ұлттық мемлекет деп толық айта аламыз. Бұл мемлекеттің негізін этноұлттық саяси мемлекеттік құрылым ретінде орта ғасырларда – Қазақ этносы қалыптастырды. Кейіннен тарихи уақыттардың өтуімен түрлі саяси оқиғалардың ағымымен этноұлттық саяси мемлекеттік құрылымның аумағына өзгеде көптеген этностар келіп қоныстанып, полиэтникалық саяси мемлекеттік құрылымға айналды. Бүгінде осы полиэтникалық саяси құрылымдағы 60%-дан астам басым этнос – бұл Қазақ этносы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Қазақстан полиэтникалық ұлттық мемлекетінің азаматтарының ұлты – қазақ, этникалық белгілеріне қарай 120-дан астам этнос өкілдерін құрайды. Қазақ этносынан басқа этностардың барлығы Қазақ ұлтының ұлттық кімдігі (идентичность) қалыптасқан кезенге дейін этнодиаспоралар болып табылады.

Осы айтылған тезистерге сүйене отырып біз бүгінгі күннің талабына сай келе бермейтін, ескі кеңестік сүрлеумен келе жатқан ұлт мәселесіндегі мемлекеттік саясатты әлемдік тәжірибеде сыннан өткен, әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған ұстанымға қарай бұрып бейімдеуіміз керек деп есептейміз.

Ол – азаматтық қатыстылығына қарай әр жеке индивидтің саяси қауымдастыққа бірігу арқылы ұлттық мемлекетте өмір сүруі. Әр жеке индивидтің азаматтығы оның ұлттығын (национальность) айқындайды, яғни еліміздегі әрбір азаматтың ұлты – Қазақ болып танылу. Бұл ұлт мәселесіндегі саясаттың негізі, басты бағыты болып таңылмақ.

Ал енді осы саясаттың өміршендігін, мызғымастығын қамтамасыз ету келесідей үш тұғырға байланысты.

Бірінші, ұлттық мемлекетті баянды қылу: нәсілдік және этностық теңдікті мүлтіксіз сақтай отырып, қазақ этносының топастырушы рөлін арқау етіп, қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы фактор ретінде тану. Қазақстандағы барлық этностардың ана тілдері мен мәдениетінің табиғи дамуына жағдай жасау. Қазақстан халқының этностық белгісіне қарай дискриминацияға ұшырауына жол бермеу. Тіл саясатында мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеуде білім реформаларын жүргізу.

Бұл тұғырдың берік болуы үшін ешқандайда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты конституциялық мәртебе берілген, мемлекеттік институттан жоғары тұратын орган қажет емес.

Қазақстан мемлекет ретінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйымға зәру еместігінің басты екі негізгі бар. Олар:

1)     Құқықтық алаңдағы негізсіздігі. Ассамблея сөзінің этимологиясы француз тілінен алғанда белгілі бір ұйымның жоғары органы дегенді білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» мемлекеттіктен жоғары тұрған Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тәрізді орган дегенді білдіреді. Қазақстан бір ортақ мақсат төнірегінде көптеген ұлттардың біріккен ұйымы емес, Қазақстан полиэтникалық тәуелсіз ұлттық мемлекет. Сондай-ақ, «Қазақстан халқы Ассамблеясы» әлемнің кейбір елдеріндегідей парламенті болып табылатын, «Ұлттық Ассамблея» деп аталатын жоғары заң шығарушы органда емес.

Осы ретте, этностық белгілерге қарай құрылған «Қазақстан халқы Ассамблеясын» құқықтық негізді деп тану сепартизмге жол ашумен бірдей болып есептелінеді. Себебі, қазақ жеріндегі әрбір этнос Қазақ ұлтын құрушы өкіл ретінде сезінбейінше, Қазақстан деп аталын ортақ үйде өздерін бөтен, белгілі бір артықшылықтар берілген асыранды жетім баладай сезінеді. Ал, коституциялық мәртебе берілген «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйым, болашақта «бөтенсіну», «жетім баланың күйін кешекендей» ахуалға сепаратистік көніл-күй сыйлап, құқытық негіз беруі мүмкін.

Осыған орай, Қазақстан деп аталатын мемлекеттегі барлық этностардың тілін (мемлекеттік тілден басқа) мәдениетін, салт-дәстүрін дамыту «Қазақстан халқы Ассамблеясы» сияқты ұйымдар арқылы мемлекеттің қандайда бір қолдауынсыз табиғи жолмен дамуы тиіс.

2)     «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының 9 өкілі жалпыұлттық сайлаусыз Қазақстанның ең жоғарғы органы – Парламент Мәжілісіне өтуі, Қазақстанның унитарлы деп танылған ұлттық-мемлекеттік құрлысына нұсқан келтіреді әрі азаматтардың теңдігі қағиадасына сай келмейді.

Құқықтық тұрғыдан алғанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының атынан өз ішіндегі сайлау арқылы Парламент Мәжілісіне өткен депутаттар, федерациялық басқару нысаныңдағы мемлекеттің федерациялық субъектісінің атынан жоғары заң шығарушы органға өткен өкілдері тәрізді көрінеді. Сондықтанда мемлекеттік құрлысы унитарлы деп танылған елде мұндайға жол беру құқықтық дұрыс емес.

 «Қазақстан халқы Ассамблеясы» ұйымының сайтында: «Парламент Мәжілісіне Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған 9 депутат еліміздің барлық этностары атынан өкілдік етеді» делінген. Осылай болса, онда Ассамблея өз өкілдерін жалпыұлттық сайлау арқылы Парламент Мәжілісіне өткізбейді? Сонда Ассамблея Сессиясының мүшелерінің сайлау құқығы Қазақстанның өзге азаматтарының сайлау құқығынан жоғары ма?

Сондай-ақ, Ассамлея мүшелері Парламенті Мәжіліс сайлауында екі рет дауыс беріп сайлау құқығына ие:

Біріншісі, жалыпұлттық сайлауға қатардағы Қазақстанның азаматы ретінде қатысып дауыс береді;

Екіншісі, Ассамлея ішіндегі сайлауға қатысып дауыс береді.

Бұл Қазақстан азаматтарының құқықтық теңсіздігіні жарқын көрінісі.

Тіл саясатында мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеу келесідей білім реформасын жүргізу арқылы көрініс табады:

1)   Мектепке дейінгі барлық тәрбие және білім беру мекемелері мемлекеттік тілге көшірілу;

2)   Патшалы Ресей империясы тұсында рухани отарлау құралы болған, бастауын «Түземдік мектептер» деп аталатын білім ошақтарынан алатын – аралас тілді мектептерді тәрбие және білім беру ошақтары ретін жұмыстарын тоқтату. Олардың барлығын сол аймақтардағы этнодемографиялық ерекшеліктерге қарай не таза қазақ тілді, немесе таза орыс тілді мектептерге айналдыру.

Жоғарыда көрсетілген білім реформаның нәтижесінде 20-25 жылдың ішінде мемлекеттік тілді еркін қолданатын, Қазақстан деп аталатын полиэтникалық мемлекеттің жас буын азаматтарын қалыптастырамыз.

Екінші,әлеуметтік теңдікді қамтамасыз ету. Ортақ ұлттық құндылықтарды тұтыну. Тәрбие және білім беру саласында тарихи танымдық, патриоттық мазмұндарға көніл бөлу. Азаматтардың нәсілі, этносы, жасы, жынысына қарамастан сапалы жақсы білім, медицианалық қызмет алуларына, қоғамда өзін тұлға ретінде, кәсіби маман ретінде қоғам өмірінің әртүрлі саласында (ғылым, білім, өнер, мәдениет, спорт, мемлекеттік қызмет) жүзеге асыра білуіне толықтай жағдай жасау. Әлемдік додаларда Қазақстанды осы елдің азамата ретінде лайықты таныстыруға, ұлттың намысын қорғай білуге мүмкіндік жасау. Бұл тұғыр бүгінде спорт, өнер, мәдениет саласында өзін жақсы көрсетуде. Мәселен, дүниежүзілік аренада өнерлерін, спорттық машықтарын көрсететін Димаш Құдайбергенді, Геннадий Головкинді, Қанат Исламды, Дмитрий Баландинді, Ольга Рыпакованы, Жансая Әбдімәлікті әлем жұртшылығы қазақ ұлтының өкілдері деп таниды.

Ортақ ұлттық құндылықтар ретінде Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күнінің, Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінің, Ұлттық валюта күнінің, 14 науырыз – Көрісу немесе Амал меркесін, 21 науырыз – жыл басы Наурыз мейрамын ұлықтап, Қазақстандағы барлық этностарды азаматтық белгілері бойынша бір ұлтқа ұйыстырушы мазмұның насихаттап, дәріптеу. Осы құндылықтарды ортақ тұтынуға шақыру.

Тәрбие және білім беру саласында тарихи танымдық, патриоттық мазмұндарға көніл бөлу ісі, Қазақстан Республикасы Конституциясының преамбуласындағы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тiлей отырып, қазiргi және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершiлiгiмiздi сезiне отырып, өзiмiздiң егемендiк құқығымызды негiзге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп айтылған басты тезистік ойдың шеңберінде жүргізілуі тиіс.

Ол үшін орта білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарының тарих пәнінің оқу бағдарламаларында Қазақ этносының қалыптасуы мен хандық басқару формасындағы ұлттық мемлекеттігін құруы, патшалы Ресей мемлекеттінің бодауына өтуі мен КСРО құрамында мемлекеттік субъект ретінде өмір сүруі, қазақ жеріне бүгіндегі Қазақстандағы барлық этностардың белгілі бір тарихи кезеңдерде келіп қоңыстанғаны, жер аударылып келгені қандайда болмасын бір әсірелеусіз объективті баяндалуы, сондай-ақ бүгіндегі қазақ жеріндегі барлық этностардың ортақ тарихи тағдыры - олардың барлығының өкілдерін азаматтық белгілері бойынша - Қазақ деп аталатын ұлтқа біріктіргенін қандайда болмасын бір әсерелеусіз, басалды әрі ұғынықты түрде оқытылуы тиіс деп есептейміз.

Жоғарыда баяндалған мазмұнда тәрбие және білім беру үдерістері ұйымдастырылып, Отаның һәм ұлтың сүйюге, еркiндiк һәм жауапкершілікке, теңдiк һәм паритеттікке, татулық һәм достыққа, толеранттылық һәм либералдыққа шақыратын патриоттық рухтағы тәрбие берілуі қажет.    

Үшінші,Қазақстанның экономикалық өсіп-өркендеуін қамтамасыз ету. Гүлденген, өсіп-өркендеген, халықаралық қатынаста өзіндік салмағы бар, әлемдік қауымдастықта ойып тұрып өзінің орының алған елде өмір сүру кез келген адам үшін сол елдің азаматы ретінде қызықты, әрі мақтаныш сезімін тудырады. Қазақстанның экономикалық өркендеген елге айналуы, алдынғы айтылған екі тұғырға тікелей байланысты. Нәсілдік және этностық тендік аясында, азаматтық белгілері бойынша бір ұлттың бойында өзін сезіну, қоғамның әр саласы бойынша өзін жүзеге асыруға мүмкін болған әлеуметтік теңдік сақталған қоғамда экономикасы өркендеген, этникалық жанжалдардан ада, жемқорлықсыз күшті мемлекет құруға болады. 

Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, ұлт мәселесінде бүгіндегі қоғамымызда орын алып жатқан түйткілді проблемаларды ашық көтермей, кеңес кезінен қалған ескі сүрлеуден шықпай, керсінше мұндай мәселелер жоқ деп оның бетін ғана әрлеп қою, мемлекеттің ұлттық саясатының нәтижелі емес екенің көрсетеді. Ұлт мәселесіндегі саясаттың бүгінгі таңдағы моделі, бүгінгі күннің талабына сай емес, әлемдік ұстаным негізінде қалыптасқан тәжірибеден алыс. Мұндай жағдайда этникалық түсініспеушіліктер орын алып, олардың түрлі әлеуметтік және тұрмыстық жағдайлардың себебімен жанжалдарға ұласуы заңды құбылыс.

Осыған орай, ұлт мәселесіне қатысты әлемдік ғылыми қауымдастықпен мойындалған ұғым-түсініктер аясында, әлемдік тәжірибені назарға ала отырып, елдегі этностарды азаматтық белгілері бойынша бір ұлтқа ұйыстыратын, бүгінгі күннің талабынан шығатын ұзақ мерзімді стратегиялық мақсат-мұраттарды көздейтін, Қазақстанның өзіндік ұлттық саясатының моделін құру, ұлттық-мемлекеттік идеалогиясын жасау қажет деп есептейміз.

Пайдаланған дерек көздері:

Қазақстан Республикасының Конституциясы;

«Материалы к истории киргиз-казакского народа», М. Тынышпаев;

«Қазақ тарихының әліппесі», М. Мағауин;

«Елдегі діни ахуал, өзгерістер біздің бағытымыздың дұрыс екенің көрсете бастады» М. Мырзахметов, «Адырна» ұлттық-этнографиялық порталы, 2011;

 «Аралас мектеп және шала қазақ мәселесі», М. Мырзахметов, Baq.kz сайты;

 «Ұлттың бір адамын қорлау барлық ұлтты қорлаумен бірдей», А.Айталы, «Ана тілі» газеті, 2020;

«Советская национальная политика в условиях административно-командной системы», Ижевская государственная сельскохозяйственная академия, Смиронова Л.В., «Вестник ОГУ» №7/июль 2006;

 «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының заңы;

https://carnegieendowment.org/sada/?fa=46097&lang=en

https://www.fergananews.com/articles/7947

 https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9D%D0%B0%D1%86%D0%B8%D0%BE%D0%BD%D0%B0%D0%BB%D1%8C%D0%BD%D1%8B%D0%B9_%D1%81%D0%BE%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%B2_%D0%9A%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D1%85%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD%D0%B0

https://dic.academic.ru/dic.nsf/politology/398/%D0%90%D1%81%D1%81%D0%B0%D0%BC%D0%B1%D0%BB%D0%B5%D1%8F

https://www.geopolitica.ru/article/etnos-narod-naciya-nacionalnost-raznica-ponyatiy-i-opasnost-ih-smesheniya

https://thequestion.ru/questions/178143/kakaia_raznitsa_mezhdu_natsiei_i_etnosom_0f003f1d

https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%9D%D0%B0%D1%86%D0%B8%D1%8F

https://www.akorda.kz/kz/national_projects/kazakstan-halky-assambleyasy


0 Пікір Кіру