Құрылғалы түк тындырмаған ЕЭО: Еліміз үшін ең тиімсізі — Ресеймен одақтасу - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

«Басты қатырмай, тарқап тынайық». Лукашенко Еуразиялық одақты сынап тастады

Беларусь басшысы Александр Лукашенко құрылғалы бері түк тындырмаған Еуразиялық одақты сынады.

Оның айтуынша одақтың ортақ ұстанымы жоқ, әркім көрпені өзіне қарай тартып, осы ұйымды құрған әуел бастағы бағыттан ауытқып кетті.

«Біреу біреуді тыңдамайды. Ешкім ешкімге есесін жібергісі келмейді. Тартыс-талас, салғыласудан өзге осы одақ бізге титтей пайдасын тигізбеді», – дейді Лукашенко.

Ол Еуразиялық одақты құруға ұйытқы болған Қазақстан, Ресей және Беларусьтің және ұйымға кейіннен қосылған Армения мен Қырғызстанның арасында ауызбіршілік жоқ екенін айтты. Құрылғалы бері дау-дамайдан арылмай келе жатқан берекесіз одаққа өзгелер де қосылуға құлықты емес. 

Беларусь басшысының пікірінше одаққа төрағалық ететін әрбір ел өз ұсынысын ортаға салуға құқылы, өзгелері осы ұсыныстың одаққа қаншалықты пайдалы боларын пайымдап, пәтуа шығаруы керек.

«Мұндай ұсыныстар жоқтың қасы. Одақтың аты бар да, заты жоқ. Одақтастардың ортақ ұйғарымы жоқ. Мұндай болса «бір-біріміздің басымызды қатырмай» тарқап тынайық. Бұл одақтан қайыр болмаса, әркім өз бетінше кетсін. Өз дамуын өзі айқындасын», – деді Лукашенко.

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше біздің билікке де мұндай батылдық қажет.

«Мысалы Александр Лукашенко ойын ашық айтады. Онысы дұрыс. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың өз еліне тиімсіз екенін аракідік айтып отырады.

Ал Қазақстан дипломатиялық деңгейде бұл ретте ләм-мим деп тіс жарған емес.

Ерте болсын, кеш болсын, бұл түрімен Еуразиялық экономикалық одақ күйреп тынады. Тарихта ол тиімсіздік танытқан, өзіне мүше елдерге өте көп мәселе тудырған құрылым ретінде қалады», – дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үшін қазір ең тиімсізі — Ресеймен арадағы одақ.

«Мүмкін Орта Азиялық блок құру туралы бастаманы көтеріп жіберсек, жақсы болар ма еді?..

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев онсыз да екі алақанын ысқылап мұны қалап отыр. Темірді қызған кезде соқ демекші, аймақтық экономикалық сол блокты құрып жіберу керек секілді.

Не үшін дейсіздер ме? Қытайға, Ресейге, Еуропалық одақ пен АҚШ-қа қатысты өз мүддемізді қорғап қалу үшін. Яғни, ойымызды ашық айтатын кез келді. Ол үшін осындай алаңқай керек бізге…», – дейді Сәтпаев.

dalanews.kz

0 Пікір Кіру