Қытай мен Иран коронавирус туралы шынайы ақпаратты жасырып отыр ма? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

АҚШ оларды айыптады

АҚШ мемхатшысы Майк Помпео Қытай мен Иранды COVID-19 коронавирусының таралуына қатысты шынайы ақпаратты жасыру мақсатында цензура орнатып отыр деп айыптады. Бұл туралы АР агенттігі хабарлады.

Помпео Бейжіңді Wall Street Journal-дың үш тілшісін Қытайдан шығарып жібергені үшін айыптай отырып, «жұртшылықты вирус туралы шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуде тәуелсіз баспасөздің қажет екенін» алға тартты.

«Біздің журналистерімізді елден шығарып жіберуі ҚХР үкіметінің әлдебір қиын мәселесі бар екенін сездіртсе керек. Бастапқыда пневмонияның ерекше түрі болып, артынша коронавирусқа ұласқан ауруға қатысты ақпарат бүгінде билік тарапынан цензураға ұшырап отыр. Ал мұндай нәрсені жасырып қалудың соңы аса қайғылы жайтқа әкеп соқтыруы әбден мүмкін», – деді Помпео.

Мемхатшы сондай-ақ, ирандық билік те коронавирус туралы «шындықты айтып беруі тиіс» деді. Оның айтуынша, Ирандағы вирустың таралуына қатысты шынайы мәліметтер ресми ақпаратқа қарағанда әлдеқайда басқаша болуы ықтимал.  

Помпео Иран үкіметінің «аурудың таралуына қатысты аса маңызды ақпараттарды жасырып ұстап отыруы мүмкін» екенін, бұл жайт АҚШ-ты «қатты алаңдататынын» жеткізді.

«Барлық елдер, оның ішінде Иран да коронавирус туралы шындықты айтып, көрсетілетін көмекке қатысты халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуі тиіс», – деді АҚШ мемхатшысы.

Бүгінде Иран билігі коронавирустан көз жұмғандар саны 17-ге жеткенін мәлімдеді, алайда ауру тарай бастаған Кум қаласында тұратын саясаткер «Шындығында, 50-ден астам адам көз жұмды» деген ақпарат таратты. Бұл жайында Independent басылымы хабарлаған болатын.

Сондай-ақ 25 ақпан күні Иранның Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирчидің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.  

25 ақпан күнгі мәліметке сүйенсек, коронавируспен ауырғандар саны 80 147 адамға жетті. Аурудан 2 699 адам қайтыс болды, 27 657 адам сауығып кетті.

Азаттық рухы

0 Пікір Кіру