Жанболат Мамай митингіге шақырды: Демократиялық партия съезі өтпейтін болды - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

«Демпартия» құрылтайы өтпейді

"Демократиялық партияны" құру бастамашыл тобының жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамай 22 ақпанға жоспарланған құрылтай съезд өтпейтінін, оның орнына сол күні митингіге шығатынын айтты.

- "Демократиялық партияның" жақтастары, мүшелері мына бастамашыл топ өкілдеріне жасалып жатқан қысымға қарсы және саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, Қазақстанға шынайы саяси реформалардың жүргізілуін талап етеміз. Күні кеше ғана болған Қордайдағы жанжалдың әділ тексерілуін талап етіп, 22 ақпанда "ескі алаңға" (ресми атауы "Астана" алаңы - ред.) митингіге шығуға шешім қабылдадық. Біз "Демократиялық партияның" съезін өткізбейміз. Өйткені жаппай қуғын-сүргін болып жатқан тұста, жан-жақта жақтастарымызды қинап түрмеге отырғызып, оларды қудалап жатқан кезде біздің мұнда қандай да бір съезд өткізіп жатқанымыз қисынсыз деп санаймыз, - деді Жанболат Мамай 19 ақпанда Алматыда өткен баспасөз жиынында.

"Демократиялық партияны" құру бастамашыл топ өкілдері бұған дейін әр аймақта съезге жиналған белсенділердің ұсталғанын, кейбір жерде пойыздан түсіріліп, әкімшілік жазаға тартылғанын хабарлаған еді. Бастамашыл топ өкілдерінің айтуынша, неғұрлым съезд жақындаған сайын белсенділер тарапынан осыған ұқсас шағымдар көбейген. Ішкі істер министрлігі 19 ақпанда таңертең мұндай ұстаулар жайлы естімегенін айтқан еді.

2017 жылы "Мұхтар Әблязовтің ақшасын газет шығару арқылы заңдастыруға қатысты" деген күдікпен сотталып, сол жылы 7 қыркүйекте сот үкімімен бостандығы үш жылға шектелген Жанболат Мамай қазір пробация бақылауында. Ол өзінің пробация мерзімі 4 наурызда аяқталатынын, осы мәлімдемеден кейін өзін ұстауы мүмкін екенін де айтты.

- Бізді қамайды, соттайды екен деп жақтастарымыз осылайша қудаланып, түрмеге қамалып жатқан тұста қол қусырып үйде отыра алмаймыз. Соттаса соттасын. Қайтеміз енді, - деді Мамай сәрсенбі күні.

Оның айтуынша, "қазірдің өзінде демократиялық партия құрылды деуге болады, жер-жерде партия жақтастары бар".

- Біз бұған дейін де айтқанбыз - егер партияны тіркеуге қатысты қандай да бір заңсыздықтар ұйымдастырылатын болса, біз көшеге шығуға дайынбыз дедік. Қазір партияны тіркетуге қарсы билік тарапынан әрекеттер жасалып жатыр. Жақтастарымыз көшеге шыққаннан кейін билікті осы партияны тіркетуге мәжбүрлейміз. Басқа амал жоқ, - деді ол.

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев 19 ақпанда "Демократиялық партияның" құрылтай съезі қарсаңында жер-жерде оған бармақ болған азаматтардың ұсталғаны жайлы ақпаратты естімегенін айтқан еді.

- Съезге кетіп бара жатқандарды ұстады дегенді қазір ғана сіздерден естіп тұрмын. Менде ондай мәлімет жоқ. Нақты белгілі жағдайлар болса, айтыңыздар. Біз барып тексерейік, - деді 19 ақпанда журналистердің сұрақтарына жауап берген Марат Қожаев.

Қазақстан заңнамасы бойынша, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өткізу қажет. Оған түрлі аймақтан адамдар қатысуы тиіс. Жанболат Мамай 26 желтоқсанда 1122 адамнан құралған бастамашыл топты әділет министрлігінің тіркегенін хабарлап, 22 ақпанда съезд өткізетінін мәлімдеген.

Азаттық радиосы

0 Пікір Кіру