Қордайда жанжалға байланысты қамалғандар бостандыққа шықты - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Ауыл тұрғындары талап етті

8 ақпанда кешке Қордай ауданындағы жанжалға байланысты ұсталғандар босатылып, тұрғындар үйлеріне тарқады. Күндіз мұнда Масаншы мен Қаракемер ауылының ортасына 150-200 адам жиналып, қамаудағыларды бостандыққа шығаруды талап еткен еді.

Жамбыл облысының әкімдік өкілдері Қордайдағы изолятордан - 47 адам, Ауқатты ауылынан 36 адамның бостандыққа шыққанын хабарлады. Ауыл тұрғындары да Азаттық тілшісіне биліктің сөзін растап "адамдарымыз түгел, бәрі шықты" деді.

Дегенмен бостандыққа шыққан азаматтардың санына байланысты жергілікті БАҚ-та өзге де дерек айтылады. Tengrinews-дің жазуынша, 8 ақпанда кешке қарай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жанжалға байланысты Қордайда - 47, Ауқатты ауылында - 44 адам ұсталған, олардың барлығы жанжалға қатысы болмағандықтан босатылды деп мәлімдеген.

Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданындағы жанжалға байланысты 47 адам ұсталды деп мәлімдеген.

8 ақпан күндіз жұрт наразылығынан соң билік 47 адамның бәрін босатуға келіскен кезде Қаракемер тұрғындары көрші Ауқатты ауылында да 40-тан астам адамның қамауда отырғанын айтып, оларды да босатуды талап еткен еді. Ауқатты ауылындағы "қамалғандар жайлы ақпарат" сол кезде белгілі болған. Бірақ ішкі істер министрлігі де, Жамбыл облыстық полиция департаменті де ұсталғандар санындағы айырмашылыққа байланысты түсініктеме бермеді.

Азаттық радиосы

0 Пікір Кіру