Досым Сатпаев: Ұлтараздық қақтығыстың туындауына биліктің өзі кінәлі! - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қазақтардың көбі - кедей

Танымал саясаттанушы Досым Сатпаев Facebook-тегі парақшасында Қордайда болған қазақ-дүнген қақтығысына қатысты пікір білдірді.


Саясаттанушының айтуынша, кез келген әлеуметтік немесе ұлтараздық қақтығыстың астарында елдің әлеуметтік қиындығы мен биліктің әділетсіздігі жататынын айтады. Билік тарапынан жасалып жатқан шектен тыс әділетсіздік, халық арасында жайылған кедейлік осындай қақтығысқа алып келеді деген пікірде. Өйткені Қазақстандағы кедейлердің көбі – қазақтар. Ал билік болса, мұндай қақтығыстың алдын алумен емес, оның шынайы келбетіне үңілудің орнына оны жасыруға, үнін өшіруге, тұншықтыруға тырысады.

- Осы күнге дейін Қазақстанда мұндай (Қордайдағы қақтығыс – ред.) қаншама оқиға мен қақтығыс болды. Аз емес. Неге? Өйткені елде конфликтіге апаратын жағдай көп. Ал мұндай жағдайдың жиі қайталануына былыққа батқан, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық, кадрлық және саяси реформаларды дұрыс жүргізе алмаған, жолы болмаған биліктің өзі кінәлі. Билік өкілдерінің өзі заң мен адам құқығын сыйламай алмаса, оларды да ешкім сыйламайтыны айдан анық, - дейді Сатпаев.

Оның үстіне, елдегі мәдениет пен білім берудің төмендеп кеткенін, жастар арасында жайлаған жұмыссыздық пен шарасыздықты, қылмыстың өршуі мен наркоманияның, алкоголизмнің таралуын, суицидтің көбеюін қосыңыз. Осыдан келіп елдегі конфликті мен қақтығыстың тууына жүйенің өзі кінәлі екенін әрі бұған жүйелі түрде қарау керектігін түсінуге болады.

- Ал президент мұндай оқиғаның «арандатушылардың» қолынан жасалған іс екенін айтқан екен, демек, арандатуға ұрынатындай елде жағдайдың да көп екенін қоса білуі тиіс еді. Сондықтан болған оқиғаның салдарымен күреспей, қақтығыстардың неге жиілеп бара жатқанына мән беруі керек. Бұрынғы президенттен қордаланып келе жатқан мәселелердің барлығы енді Тоқаевтың мойнында қалды. Мұны мен бұрын да айтып жүрген едім, - деп жазды саясаттанушы.

0 Пікір Кіру