Абзал Құспан: Қазақтан қыз алғысы келген шетелдіктер мемлекетке салық төлесін - на politic.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на politic.bugin.kz Қаракөз Амантай

Қазақ қызының шетелдіктер үшін құны бар

Көпшілікке танымал заңгер Абзал Құспан шетел азаматтары қазақтан қыз алғысы келсе, мемлкет пайдасына салық төлесін деген бастама көтерді. Бұған қатысты ол Еуразия арнасына ойын білдірді. Бұл туралы Qamshy.kz хабарлайды. 

Абзал Құспанның айтуынша, қазақ қызының шетелдіктер үшін құны бар. Оның мына бір сөзі интернет желісінде қызу талқыға түсті.

«Ұлттың келешегін ойлау қаперлеріне кірмейді. Осы мәселені айналадағыларға айтсаң: «Өзге ұлттың көңіліне келер. Оқыс жағдай туып кетер. Қазір заман басқа, қыз кімді көңілі қаласа, сонымен бірге болғаны жөн ғой», - деген жалтақ уәж айтады. Бұл  қазақтың болашағына бейжай, самарқау қарау деген сөз. Мұның бәрін біз айтпасақ, кім айтады? Қазақ үшін ойланатын да, толғанатын да мәселе көп».

Заңгердің сөзінше, қазақ қыздары балабақшадан бастап қолына дипломын алғанға дейін  оқып-тоқып өзге ұлттың қолынан ұстап кете баруы дұрыс емес.

Абзал Құспанның бұл бастамасын Астаналық арулардың бірі қолдаса, бірі қарсылығын білдірді.

«Егер ондай шешім қабылданатын болса, онда мен құптаймын. Жоғарыдағы басшылық өзі біледі ғой: не дұрыс, не бұрыс екенін. Өз басым мен қазақ жігітіне тұрмысқа шыққым келеді», - деді бір ару.

«Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Әр адам ұлтына қарамай сүйген адамына қосылуы тиіс. Сондықтан мен келіспес едім», - деді тағы бір бойжеткен.

Әлеуметтанушы, Рамазан Саттарұлы:

 Соңғы кездердегі көрсеткіштерге қарасақ, аралас некелердің саны сонша көп емес. Және оның көлемі ұлттың болашағына соншалықты қауіп-қатер төндірмейді де, ассимиляцияға ұшырайтындай тағы басқа. Өзге мемлекеттер сияқты аралас некеге салық салып, ерекше қосымша бір төлемақы алу ол менің өз түсінігімде онша көңілге қонбайды.

Бұл мәселеге қатысты депутаттар да өз ойын білдіріпті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Нұртай Сабильянов:

Өзіміз отбасымызда тәрбие жүргізіп, өзіміздің азаматтарды қазақтарға тұрмысқа шығарып, қазақтардан қыз алуды жалғастыруымыз керек. Ал қазіргі жағдайда басқа ұлтқа шығып жататын болса, неге шығып жатыр, соны зерттеп, талдап алдын алу керек деп ойлаймын.

Бабаларымыз «тәрбие  тал бесіктен басталады» дейді. Әңгіменің түп-төркіні осыған келіп тірелетіндей. Махаббат, аралас неке деген мәселе бар жерде ұлттың мүддесі, қан тазалығы деген тақырыптар да төбе көрсетеді. Қазақтан қыз өзге ұлт өкілдері  мемлекет пайдасына салық төлесін деген заң бүгін-ертең қабылдануы екіталай. Бірақ, талқылауға түсіп, түбі идея ретінде пісіп, ақыры ұсынысқа айналуы әбден мүмкін.

0 Пікір Кіру