Жасанды интеллекті қолданудағы цифрлық егемендік мәселесін ғалымдар мен премьер-министрлер талқылады - на politic.bugin.kz
QUANYSH NURTAS - на politic.bugin.kz QUANYSH NURTAS

Алматының бүгінгі тақырыбы: Цифрлық трансформациядан төнген қауіп пен көрер игілік қандай?

Әмбебап жасанды интеллектінің 7 кезеңінің 4-іншісін бастан кешіріп жатқан қазіргі күні әлемде 3,5 мыңнан астам компания жасанды интеллектіні дамытумен айналысып жатыр.

Бүгін оңтүстік астанада сағат 11:00-де «Жаһандық экономиканың цифрлық болашағы» тақырыбындағы Digital Almaty 2020 форумының пленарлық отырысы басталды. IDC вице-президенті Андрей Беклемишев «Деректер және жасанды интеллект негізінде тұрақты аймақ құру» тақырыбында пленарлық жиынына модераторлық жүргізді. Ғалымдар мен пермьер-министрлер, инновациялық жоба жетекшілері қатысқан алқалы жиынға бірнеше елдің делегаттары келген.

БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабризио Хочшильд  «жасанды интеллект схемасы экономиканы дұрыс басқарауға мүмкіндік береді» дейді. Десе де сарапшы ЖИ дұрыс бағатталмаса, жұмыссыздық мәселесінің қылаң беретінін жоққа шығармады.

Ал Ұлыбритания мемлекеттік сандық қызметінің директоры (GDS) Крис Фергюсон «Ел азаматтарының байланыс мүмкіндігін дамытып, мемлекеттік қызметтің жеңілдету мұқтажын қанағаттандырып келеміз. Ауыл халқының өмірін жеңілдетуге күш салудамыз. Мұнда қатені автоматтандыруға жол бермеу – өте маңызды. ...Біздің жинаған тәжірибеміз, ең бастысы сандық үкіметтің атқаратын рөлі өте жоғары. Ауыл шаруашылығы саласында ЖИ туралы практикамызбен бөлісе аламыз. Деректер үлкен қоры ЖИ қорегі, негізі. Технологияның ең ыңғайлысын емес, ең тиімдісін қолдану керек. Бізге ең озат, жақсы дағдыларға ие, кәсіби мамандар қашанда керек» деп ағынан жарылды.

Amazon Web Services мемлекеттік трансформациясының директоры Лиам Максвелл қауіпсіздік жөнінде:

– Біз жауапкершілікті бірінші орынға қоямыз. Тұтынушылар мен азаматтардың деректер профилінің қауіпсіздігіне кепілдік береміз. Көптеген компаниялар өзара әріптестік барысында белгілі бір стандарттарды қабылдау керек. Құжаттама арқылы жұмыс істейміз. ЖИ көмегімен көптеген механикалық жұмысты азайтамыз, – деді.

 «01 Edu жүйесінің» негізін қалаушы Николя Садирак «IT мамандарды дайындау саласындағы өзгерістер тек жағымды болады. Біз болашақта адамгершілігі мол қоғамда өмір сүреміз. Әлбетте, машиналар жұмыс істейді. Бірақ гуманды құндылықтар жоғалмайтын болады. Білім беру кезінде шектеу емес, ойлауға баулу қажет. Алда дұрыс өмір сүруге үйрететін білім беру моделін құру міндеті тұр», – деп, ізгілік принципінің жоғалмайтынына сендіруге тырысты.

Amazon өкілінің сөзінше, «технологияның жаңа даму сатысы техникалық әлеуетімізді арттырып қана қоймай, мемлекеттік қызметті қолжетімді етуде таптырмас мүмкіндік».

Сарапшы, ғалымдардың сөзінен соң ел үкіметінің бастығы Асқар Мамин спикер мінберіне шықты. Пермьер-министр Қазақстан саясатындағы ЖИ пен цифрлық жүйенің орны жайлы сөз қозғай келе жоспарын бөлісті. Ол:

– Біз 2050 жылы ең дамыған 30 елдің қатарына ену үшін жыл сайын экономика өсімін 5-6% ұстауға тырысып жатырмыз. Қазақстанда Алем ІТ мектебі, Астана ІТ университетін аштық. Астана халықаралық қаржы орталығы бағдарламашы мамандарын дайындауда. Назарбаев университеті мен Дүниежүзілік банк бірлесіп жасанды интеллектің ұлттық кластерін құрып жатыр. Белсенді өзара әрекеттесу, деректерді алмасуды қолға алуымыз керек. Бүгінгі форум жаңа қарқын береді деген үміттемін, – деді. Сондай-ақ елде жасанды интеллектіні дамытудан экономиканың салаларында экономикалық тиімділік жылына 25 млрд долларға жетуі тиіс екенін айтты.    

Белорусь елінің премьері Сергей Румас «Экономиканы және оны цифрлық жолға бағыттауға көңіл бөліп келеміз. Деректерді сақтау, өңдеу және қорғау тетігін қараыстыру заман талабы. Қазіргі таңда 400-ге жуық мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар сандық жүйеге көшуде. Бірыңғай автоматтандырылған жүйе денсаулық сақтау министрлігінде сәтті іске асуда. Бұл электронды ақпаратты министрліктер арасында тез әрі сенімді алмасып, өңдеуге мүмкіндік туғызып отыр. Ерекшелігіміз де осы. ІТ саласындағы жетістіктерімізді әлемдік лидерлермен салыстырмаймыз. Тесла, Facebook, Amazon секілді кеңмасштабты платформа жасап үлгермесек те,  2 млрд АҚШ доллар табыс түсуі Белорусьтің динамикалық сатыға өскенін көрсетеді», – деп өз елінің жетістігін сөз етті.

Молдова Республикасының премьер-министрі Ион Кику «Қазақстанның қонақжайлығы мен ұйымдастырушылығына алғыс білдіргім келеді. Молдова да қоғам мен экономиканың барлық саласында ақпараттық технологияны кеңінен қолданып келеді. Үкіметтің ерекше саясатымен, ішкі нарықты кеңейтудің арқасында кең жолақты интернетпен, нақтырақ айтқанда, 98% контингент 4G  қамтылды. ...2018 жылдың басынан бері Молдова ІТ виртуалды паркі құрылды. Бұған 500-ге жуық компания ықылыс білдіріп үлгерді. ІТ Инновациялық орталық құру арқылы заманауи кадр легін даярлау мүмкіндігі туды, сондай-ақ әзірдің өзінде 22 жас маман тәрбиеленді. Елде мектеп жасынан сандық сауаттылық бойынша сабақтар өткізіліп жатыр. Жетістіктер жеткілікті. Е  қосымшасы бар ведомствоаралық қызметтер сапасын жетілдірілу жалғасуда» деп мәлімдеді.

Ресей Федерациясы үкіметінің су жаңа бастығы  Михаил Мишустин «Цифрлық трансформация бүгінгі адамзаттың өміріне өзгеріс алып келіп жатыр. Адамдардың жұмысқа деген әлеуметтік бейнесі де өзгеріп келеді. Жұмыссыздық мәселесі де бар.  Біздің елімізде сандық қызмет көрсету бірыңғай сервис платформасын жасауға алып келді. Жаһандық деңгейде бірігуіміз керек. Цифрлық эко-транспорт мәдениетін сақтау, сапалы сервис қажет...  Цифрлық трансформация жаһандық бәсекенің жаңа тақырыбына айналды. Кез келген ақпарат операциясын, құжаттың өңделуін дереу ортақ стандартқа келтіру керек. Ең бастысы, бәріне ортақ, теңиықты ереже қажет», деп қадап айтты.

Цифрлық жаһанданудың ықтимал тәуекел-қатерінің бірі жұмыссыздықтың жаппай көбеюі салдарынан салық түсімінің кемуі, мемлекет қазынасындағы қаржы айналымындағы тұрақты баланс бұзылып, капитал катарсисіне алып келмеудің жолы қайсы? Сарапшы спикерлер бұл  жөнінде де біршама ой қаузады.

Еуразия экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саргсян ақпараттық технологияның жаңа онжылдықтағы аяқалысына қатысты ең өзекті мәселені көтерді. Саргсян «Ұлттық үкіметтер үшін цифрлық егемендік деген не? Негізгі қауіп осы? Мәселен, Армения да Қазақстанның тендріне қатысып ұтып алды. Сыртқы әртүрлі компаниялардың тапсырыс қабылдау мақсатында елдің ішкі дерекқорының қолды қылмасына кепілдік керек. Біз деректермен қауіпсіздік жағынан жұмыс істеп отырғанымыз жоқ. Біз тек қолданушылар, тұтынушылар ретінде қалып қоймаймыз ба? Экожүйе қалыптастыру керек. Трансұлттық компаниялардың көшірмесін жасаудың қажеті жоқ», деп, кесіп айтты.

Әр елдің үкімет басшылары «өз жетістіктерін» жеткізуге тырысып бақса, ғалымдар мен сарапшылар жасанды интеллекті негізінде сервистік операциялар корпусын құрудың болашақтағы қаупі мен артықшылығы туралы сөз етті.

Реплика: Жасанды интеллект – адамның когнитивті функцияларын көшірмелеу машинасы іспетті, яғни адам миы мен эмоциялық қасиеттерінің жасанды нұсқасы. Оның үйрену және мәселені шешу мүмкіндігі зор.

0 Пікір Кіру