Оралдық белсенді: «Ақорда зейнеткерлері отставкаға кетсін» - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Биліктегі пенсионерлер елді лаңдап болды»

Кешелі бері оралдық белсенді Бауыржан Әліпқалиев әкімдік ғимаратының алдындағы орталық Абай алаңында жалғыз адамдық қарсылық акциясын өткізді. 

Тұрғын Назарбаев атына берілген басты даңғылға бұрынғы Достық атауын қайтаруды талап етті. Ол кеше де, 23 қаңтар, осы талаппен пикет өткізген.

Әліпқалиев «былтыр наурызда көше атауын Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне берілуі қате шешім болды» деп санайды.

Ол кеше қолына «Достық даңғылы»  деген жазуы бар плакат алып шыққан еді. Ал бүгін «Ақорданың зейнеткерлері отставкаға кетсін» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.  Азаматтық белсендіге Орал қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің жауапты өкілдері кеше және бүгін «жиын заңсыз» екенін ескертіп, бұл үшін «жауапқа тартылатынын» есіне салған. Бірақ Әліпқалиев «Тоқаевтың жалғыз адамдық пикетке рұқсат бергенін» айтып, Конституциядағы сөз бостандығын шектеуге ешкімнің хақы жоқ екенін алға тартты.

– Халайық ұйқыны қойыңдар, бірігейік! Мен көше атын Назарбаевқа ауыстырған зейнеткерлердің отставкасын талап етемін. Жоғары биліктегі, мәжіліс, министрліктегі барлық зейнеткер орнын босатсын, – деді белсенді. 

Сондай-ақ «экс-президенттен көңілі қалғанын» айтқан ол «жиені әлде ұлы Айсұлтанның мәлімдемесі жаға ұстатты, масқара» дейді.

Бауыржан Әліпқалиев жағдай өзгермейінше, әкім қабылдамайынша, дүйсенбі тағы да акцияға шығатынын жеткізді. Кеше әкімдік өкілі 24 қаңтар әкім қабылдайтынын айтып еді. Дегенмен ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлыбек Дауымов кейіннен белсендіге кездесу 9 ақпанға ауысқанын хабарлаған.

0 Пікір Кіру