Дүниені, адамзатты тану Абайдан... - на politic.bugin.kz
Жанеля Ерболқызы - на politic.bugin.kz Жанеля Ерболқызы

«Қазақ» пен Абай есімі егіз ұғым

Неге дейсіз ғой? Себебі Абайдың мол шығармашылығын оқи отырып, біз нағыз қазақ болмысын, мінезін, тыныс-тіршілігін, қоғамын, өмір сүру бағыты мен бағдарын нық тани аламыз.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны - Абай» деп ерекше баға беріп, құрмет тұтқан өз ұлтының ұлысы, «Қалың елім, қазағым», «Қазақ та адам баласы ғой» деп бірде ашынып, бірде басылып халқына сөз арнап, тілеуін тілеген дара данамыздың, хәкім Абайдың дүние есігін ашқанына 175 жыл толғалы отыр.

Хәкім Абай өз елінің, жұртының ұлттық санасының оянуы мен рухани дүниесінің қайта жаңғыруы үшін бар күш-жігерін салып бақты, халық мүддесі үшін күресті. Өткен күннің тұлғасы болып қана емес, сонымен қатар, өз халқының алға қарай қажырлы ұмтылуында өзінің септігін тигізе білген Абай есімі еш уақытта өлмек емес, оның бай мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа өз жалғасын таба бермек.

Президентіміз Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялай отырып, бас ақынның мерейтойының шымылдығын ашқан секілді. Президент Абай сөзінің бүгінгі замандағы өзектілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуы тиіс екендігі жөнінде ойын білдірген. 

Мақала «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделесі», «Жаңа қоғамның жанашыры», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» сынды бірнеше бөлімнен тұрады. «Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді. Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», – деп жазды Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырғанын атап өткен Президент ақынның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі екенін, сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн екенін атап өтті.

Қадырқұлова Жанеля Ерболқызы

ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультеті


0 Пікір Кіру