Transparency International рейтингінде Қазақстан коррупциямен күресте біршама жоғарылады - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Демократия қонақтамаса, коррупция үймелейді»

2020 жыл басталған бойда 17 аймақ-қалада әртүрлі деңгейдегі шенділер: прокурордан бастап сот төрағасына дейін жемқорлық айыбымен айыпталып, сотты болып жатыр. 

Бүгін Transparency International (TI) халықаралық ұйымының 2019 жылға арналған жемқорлық бойынша Қазақстан 180 елдің ішінде 113-орынға жайғасты. Еліміз 2018 жылмен салыстырғанда былтыр 11 сатыға жоғарылаған. Демек жемқорлық едәуір азайған немесе күрес қарқын ала бастаған.

23 қаңтарда жарияланған зерттеуде ұйым әдеттегідей  180 елдің мемлекеттік органдарындағы жемқорлық жағдайына баға беріп, арнайы есебін түзген. Неғұрлым алғашқы қатардан көрінсе, соғұрлым жемқорлық қаупі азая түседі. 100 балл есептік көрсеткішпен анықталатын жүйеде балл саны ұлғайған сайын оның жемқорлыққа төзбеушілік имунитеті де артады.


Қазақстан жемқорлық индексінде 2018 жылы 31 балмен 124-орында болса, 2019 жылы 34 балмен 113-орынға көтерілді. Рейтингіде Қазақстанмен бірге Непал, Филиппин, Замбия, Сальвадор, Свазиленд қатар тұр.

Ұйым есебінде «Жоғары деңгейдегі алаяқтықтан бастап білім беру, денсаулық сақтау сияқты қоғамдық қызметті пайдалануға кедергі келтіретін ұсақ парақорлық, азаматтар жемқор басшылар мен мекемелерден шаршады. Бұл үкіметке сенімсіздікті ұлғайтып, саяси жетекшілер мен сайланатын лауазымды тұлғаларға сенімді жояды» делінген.

Посткеңестік елдер арасында Грузия 44-орын, Беларусь 66-орынға тұрақтаған.  Ал Орталық Азияда ең нашар көрсеткіш – Түркіменстан (165-орын), Өзбекстан (153-орын) және Тәжікстанда (153-орын) байқалады.

Жемқорлыққа төзбейтін, коррупциясыз жүйе құра білген үштікке Дания (87 баллмен 1-орын) мен Жаңа Зеландия (87 баллмен 1-орын),  Финляндия (86 баллмен 2-орын) кірген. Ал жемқорлық шырмауына түскен ең соңғы елдер қатарында Сирия (13 баллмен 178-орын), Оңтүстік Судан (12 баллмен 179-орын) және Сомали (9 баллмен 180-орын) аталды.


0 Пікір Кіру