Жаңаөзен халқы жұмыссыздыққа қарсы бас көтерді - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Халықтың тұрмысы мүшкіл, дереу шешу керек»

Бүгін Жаңаөзен қаласының жұрты жергілікті әкімдік алдына жиналып, тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді талап етті. 200-ге жуық азамат аймақтағы маманданған сала мұнай кәсіпорындарына жаңа вакансия ашуын сұрайды.


- Біз мұнда тұрақты жұмыстың жоқтығынан жиналдық. Барлығы қымбаттап жатыр: азық-түлік, газ... бәрі қымбат. Жаңаөзен жұмыссыздық бойынша бірінші орында. Жоғары жақтан шешпесе, болмайды. Күннен-күнге ушығып барады. Халықтың жағдайы мәз емес. Бізге тұрақты жұмыс керек, – дейді наразылар.

Наразылардың бірі Нұрсұлтан Нұрымов Азаттыққа берген коментарийінде:

– Бұл – тұрғындар жұмыс талап еткен биылғы алғашқы жиын. Былтыр Жаңаөзен тұрғындары тұрақты жұмысқа тұрғызуға көмектесуді сұрап, әкімдікке бірнеше рет барған, бірақ нәтижесіз аяқталған. ...Соңына дейін барамыз. 2019 жылы да осындай уәделер берілген, бірақ одан мәселе шешілмеді. Тағы да жиналамыз, талап ете береміз, – дейді.

Оның айтуынша, әкім орынбасары наразы көпшілікті қабылдап, мәселені бір ай көлемінде қарастыратынын мәлімдеген. Дегенмен жиналғандар шенеунік сөзіне көңілі толмай, талабы жүзеге асқанша жинала беретінін жеткізген. Ал жергілікті билік бұған «қазір қалада мұнай кәсіпорындарында бос орын жоқ, бірақ жұмыссыз тұрғындарды мемлекеттік мекемелер мен сервис кәсіпорындарына тұрғызуға тырысатынын» хабарлаған.

Қолжетімді ақпараттарға қарағанда, Жаңаөзен қаласы мен іргелес бірді-екілі елді мекендерді қоса есептегенде, өңірде 151 мыңға жуық адам тұрады.

Елдің ең реакцияшыл аймағы мұнайлы өлке болғанына қарамастан, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы мен жұмыссыздық мәселесі шешім табар емес. Былтыр жыл басында да жаңаөзендік жастар президентке дейін үндеу жолдап, жұмыс орындарын ашуды сұраған. Он шақты рет талап жиынын өткізген. Кейіннен наразылардың ерекше көзге түскен белсендісі жуырда ғана отбасы құрған, тұрмысы мүшкіл Ержан Елшібаевты былтыр қазанда сот «бұзақылық» және «жарақаттау» айыбымен 5 жыл бас бостандығынан айырды. Ал құқық қорғаушылар оны саяси тұтқын қатарына енгізген. Қазақстанда әдетте қандайда бір қарсылық акцияның белсенділері артынша әртүрлі айыптармен сотта жиі жауапқа тартылып жатады.


0 Пікір Кіру