Көлік иелері: Сөз бостандығын бермей тұрған жерде, ең болмаса, тауар алуға таңдау берсін - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Тіркеудің машақаты елді ашындырды

18 қаңтарда Ақтөбеде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының маңына 50-ге тарта жүргізуші жиналып, шетелдік нөмірі бар көліктерді ешбір алымсыз заңдастыруды талап етті. 

Сондай-ақ Петропавлда да 70 шақты шетелдік нөмірін қолжетімді сомаға тіркете алмай жүрген көлік жүргізушілері наразылық білдірді.

Азаттықтың хабарлауынша, Әнуар Жаңбыров есімді жүргізуші осындай мәселесі бар жүргізушілердің бірігіп, заңды зерттегенін, үкіметке екі ұсыныс жеткізгісі келетінін айтты.

– Біз шын мәнінде үкімет айналысуы тиіс нәрсемен айналысып отырмыз. Енді зерттеуімізге келсек, «Жол ережелері туралы» ұлттық заң 2014 жылы Астанада қол қойылған Еуразия экономикалық одағының келісіміне қарама-қайшы. Билік яғни, ішкі істер министрлігі осы заңға сүйеніп отыр. Одаққа мүше бес мемлекет қол қойған келісімнің ұлттық заңнан жоғары тұратын заңнамалық күші бар. Бұл Қазақстан Конституциясында да жазылған. Жол ережесі туралы заң одаққа мүше елдер қол қойған келісімнен кейін бірнеше айдан кейін шыққан. Сол себепті біз көліктерімізді заңдастыруды сұрап отырмыз. Бұл - бірінші ұсыныс. Немесе үкімет қаулы шығарып, онда ЕАЭО-ға мүше елдерде тіркелген көліктерге ие Қазақстан азаматтары оларды тозғанға дейін пайдалана алады деп жазылуы тиіс, – деді Әнуар Жаңбыров. Ол жүргізушілердің бүгін пікірлерін билікке жеткізу үшін жиналғанын айтты.

– Өзге елдер халқына нан тауып беріп отыр, ал Қазақстан өз бетінше нанын тауып жеп отырған халқының аузынан жырып алып отыр. Сөз бостандығын бермей тұрған жерде ең болмаса тауар алу таңдауын беру керек. Мемлекет халықты тонап отыр деп тікелей айтамын. Кеден одағына мүше бес елдің құқығы тең болсын. ...Ресей неге Қазақстаннан бір сатыға жоғары тұрады? – дейді наразылардың бірі. 

Жаңбыров сонымен бірге билік «шетелдік нөмірі бар көліктер жол ережесін жиі бұзады деп статистика келтіреді, бірақ жағдайды талдау үшін тұтас республика бойынша статистиканы да келтірсін. Не үшін 170 мың жүргізуші бірнеше мың адам үшін зардап шегуі тиіс?» дейді.

– Біз салық төлеуге дайынбыз. Бірақ үйтіп қыспақтап, миллион теңгеге алған көлігімізді үш миллион 300 мыңға тіркетіп, өз көлігімізді үш есе бағаға сатып алатындай халықтың қауқары да жоқ. Ондай қаражат беріп отырған үкімет те жоқ, – дейді жүргізушілердің бірі.

Осы аптада Қазақстанның ішкі істер министрлігі Қырғызстан мен Арменияда тіркелген көліктерді кедендік тазарту рәсімінен өткізіп, баж салығын төлеп, тіркегеннен кейін ғана пайдалануға болады деп айтқан. Ал тіркелмеген көлік иелеріне айыппұл салынады немесе айыппұл тұрағына көлігі қойылады деп ескерткен.

Бұған дейін де жүргізушілер шетелдік нөмірі бар көліктерді тіркеу құнының қымбат екеніне шағымданып, 16 қаңтардан бері бірнеше қалада тіркеу мәселесін халыққа жеңілдету жағын қарастыру талабымен көпшілік акциялары өткен.

ҚазТАГ-тың жазуынша, 18 қаңтарда түске дейін Алматыда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүргізушілер жиналып, елордаға хат жолдау мақсатында қол жинаған.


0 Пікір Кіру