Оралдық белсенді полиция департаментіне: Екі аяқты қасқырға айналып бара жатырсыздар - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Құқық қорғау органдарынан құқай көргендер

Данияр Інжіғалиев полиция департаментінің басшылығынан бассыздықты тоқтатып, Мақсұдхан Аблазимовты отставкаға жіберуді талап етті. БҚО полиция бастығы белсендіні қабылдап, оның мәселелерін шешуге уәде берді. Бірақ... 

14 ақпан полиция департаментінің алдына келген Інжіғалиев қолына «БҚО полициясы бассыздығы тоқтатылсын! Әблазимов қызметінен кетсін!!!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Көп өтпей жергілікті полиция қызметінің бастығы Кенжебек Құспаев шығып наразы белсендіге басшылықтың қабылдауына кіруге көндірген.

Оқиға куәгері «Орал апталығы» басылым-порталының хабарлауынша, басқарма бастығы, генерал-майор Мақсұдхан Аблазимов белсендімен мәжіліс залында арнайы кездесу өткізген.

– Бүгін 14 қаңтар таңғы сағат 5-те ағамды белгісіз біреулер соққыға жығып, телефонын алып кетті. Мұндай жағдайда қылмыскердің полицияда танысы болса, жауапқа тартылмайды дейді. Біз 102-ге қоңырау шалдық, патрульдік полиция келді, олар өздерін таныстырмады, балағаттап тілдеді. Мен олай  сөйлеспеуін ескерттім. Полиция қызметкерлері мен күдікті таныс болғандықтан, өзінше келісіп телефонды қайтарды. Бірақ арызымды қабылдамады. Сондағы полицейдің бірі менің жеке басымды анықтауға және құжаттарды тексеруге алып жүруді бұйырды. Айыппұл төлейтінімді айтты. Маған не үшін айыппұл салады? Бұған дейін 2019 жылы 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні де мені Абай аудандық полиция бөліміне алып келіп, сол жерде ұзақ уақыт ұстады. Ешбір түсіндірусіз, арызданушы жайлы хабарламай маған қатысты негізсіз қылмыстық іс қозғады. Мен бұл туралы арыз жаздым, бірақ әлі күнге дейін жауап жоқ. Бұл не деген бассыздық. Егер шынын айтсақ, сіздер екі аяқты қасқырға айналып бара жатырсыздар, сіздер сөз түсінбейсіз не заңды білмейсіздер. Отырғызғыңыз келсе – алдарыңда отырмын, қамаңыздар! Сіздер атақ-шендеріңді қалай алдыңыздар? Мен сіздерді білмеймін, теледидар арқылы көрмедім және сіздің «ерлігіңіз» туралы естімедім. Шендеріңіз бен ордендері халықты қанап алып отырсыздар, – деп шағынды ашынған Данияр Інжіғалиев.


Құқығын қорғауы тиіс құқық қорғау органынан құқай көрген тұрғынның мәселесін тыңдаған генерал Аблазимов бірінші орынбасары полковник Серік Сүйінбаевқа түнгі сағат 22:00-ге дейін «басынған шенділерді жазалауды» тапсырды. Бірақ өңір басылымының сөзіне қарағанда, генералдың пәрмені белгілінген уақытта орындалмаған.

«Азаматтардың арыз-өтініші міндетті түрде қабылданады. Егер сіздің айтып отырғаныңыз расталса, онда бұған жауаптылар қатаң жазаға тартылады... Сіздің айтып отырғаның дұрыс», – деген полиция бастығының сөзі далада қалды. Олай дейтініміз кездесу кезінде қол алысып, күлімдеп бірге фотоға түскен генерал мен белсендінің қатынасы келесі күні адам нанғысыз кейіпке түсті.

Сондай-ақ, генерал полиция жұмысының қиындықтарын, атақ-шен алу тарихын, ІІМ аймақтық ЖКО-на қатысты жүргізген тексерулерін, жалпы бақылау және тұрақты тексерулер туралы айтып, плакатта өзінің тегі бойынша қатені түзеді.

Ашып айтқанда, 15 қаңтар полиция Данияр Інжіғалиевті үйінен шығарда ұстап, шақыру қағазымен Абай аудандық ішкі істер бөліміне әкелген. Оның үстінен белгісіз біреудің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалған.  

0 Пікір Кіру