Ұлыбритания, Франция және Германия Иранға ресми түрде талап қойды - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Талаптан бас тарту – санкция «боратуы» мүмкін

Франция, Ұлыбритания және Германия 2015 жылы Иранмен жасалған ядролық келісім бойынша талап-арыз білдіру шешімін қабылдаған. ВВС-дің мәліметінше, Еуропаның үш елі Иран жетекшілігінің жуырда жасаған қадамынан кейін  басқа таңдау қалмағанын жеткізген.

- Иран Біріккен кешенді іс-қимыл жоспарында (JCPOA) қарастырылған негізгі шарттарды бұзуды жалғастыруда. Иранның қазіргі әрекеті ортақ келісім қағидасына қайшы әрі күнбе-күн насырға шауып, түзеуге келмейтіндей сипат алып барады. Біз Иранның JCPOA ережелерін орындаудан бас тартуға құқылы екендігімен келіспейміз, – делінген үштік хабарламасында.

Бірлескен мәлімдемеде тағдырлас елдер АҚШ-тың ядролық келісімнен шығу шешіміне өкініш білдіріп, келісімді сақтап қалуға баса мән берген. Сондай-ақ ағайынды ауропалықтардың Иранға санкция енгізетін ойы жоқ.

- Біздің ниетіміз санкция жолдау емес, келісімде қарастырылған дауларды шешу механизмінің көмегімен бар қайшылықты жою, – дейді Reuters халықаралық агенттігінің Еуропадағы дипломатиялық ұйымы.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон ВВС-ге берген сұхбатында «АҚШ-тың 2015 жылғы келісімнің шикілігіне алаңдауын түсінетінін» айтып, «бірақ соған қарамастан Тегеранда ядролық қару жасауға жол бермеу керек» деген.

Иранмен жасалған ядролық келісім аясында қатысушы елдің қайсыбірі орта шартты бұзған жағдайда, соған шағым жасау мүмкіндігі қарастырылған. Мәселені шешу мақсатында шағым Еуропалық үштік, Еуропалық Одақ, Ресей, Қытай мен Иранның өкілдерінен құрылған біріккен комиссияның қарауына беріледі. Жұмыс комиссиясы дауды 15 күн ішінде немесе қажет болған жағдайда тараптар бекіткен уақытта бір тоқтамға келуі тиіс.

Егер мәселе оң шешім таппаған жағдайда, іс консультативтік кезеңге немесе СІМ-ге жолданады. Онда да нәтиже болмаса, біріккен комиссия ортақ бітімге келу үшін 5 күн мұрсат алады. Жоғарыда аталған кезеңнің ешбірі де нәтиже бермесе, талапкер тарап өз шағымын БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне жолдай алады. Иран өзіне міндеттелген шартты орындамаса, БҰҰ кеңесінде бұрын тоқтатылған санкциялар легін қайта енгізуге дауыс беруді қолға алады. Айта кететін бір жайт, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамындағы елдің ешбірі бұған вето қоя алмайды, яғни қарсылық білдіруге мүмкіндігі жоқ. 

0 Пікір Кіру