Қарағанды кәсіпкері Ленин көшесінің атауын ауыстыруға кететін шығынды өз мойнына алды (Видео) - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Кеншілер қаласында көше атауларын өзгертуге қатысты қоғамдық тыңдау өтті

Қарағанды қаласында өткен қоғамдық тыңдауға мыңнан астам тұрғын келіп қатысты. Үлкен залға сыймаған халыққа шенеуніктер екінші залды ашты. Биліктегілер халықтың сұранысымен әу баста мағынасы ескірген он бір көшенің атын ауыстыруды күн тәртібіне шығарған. 

Алайда қоғамдық тыңдауда он көшенің атын өзгертуді ұсынды. Мамандардың айтуынша, Черкасская көшесінің атауын өзгертуді техникалық себептерге орай кейінге қалдырыпты.

Айта кету керек, өзгертуге қойылған көшелердің басым бөлігі тарихи мағынасы жағынан ескірген орыс тіліндегі атаулар. Қаланың орталық көшесінің бірі Ленинге Абай есімін беру, Защитная көшесіне Потанин, Кувская көшесін Қазыбек Нұржанов, Приканальная көшесіне Сарыарқа атауларын беру тәрізді он көшенің атауын өзгертуге дауыс берілді. Дауыс беру кезінде халық «Ленин керек емес, Абай көшесі деп аталсын» деп ұрандап, «Көше атауларын өзгертудің уақыты келді» деп шулады.

Бес-алты қала тұрғыны ғана Ленинге араша түсті. «Ленин біздің тарихымыз. Сондықтан оның аты қалсын», –  деп сөз алған қала тұрғыны Нина Серованың сөзін халық шулап орындарынан тұрып кетіп аяқтатпай тастады. Қоғамдық тыңдалу кезінде қазақша білмеген соң орысша сөйлеген  қала тұрғыны  Ержан Рыспаев «Қаншама қаражыны құр босқа көше атын өзгертуге жұмсағанша, аялдамалар мен жолдың сапасын жақсартпайсыңдар ма?», – деп наразылығын білдірді.

Бұған қарсы шыққандар көп болды. Топ арасынан ортаға шыққан кәсіпкер Ерлан Әшімов:

- Кәсіпкер ретінде қаншама қаражатты салыққа төлеп отырған адаммын, егер қажет болса осы көше атауларына кететін қаражатты мен төлеп берейін, – деп ұсыныс тастады.

Қоғамдық тыңдаудың қорытындысы бойынша жиналған жұрттың барлығы дерлік көше атын өзгертуді құптап дауыс берді. Шенеуніктердің айтуынша, көше атауы өзгергенде сонда тұратын тұрғындар қаражат жұмсамайды. Бюджеттен бұл шығындарды өтеуге үш жарым млн теңге қаражат бөлінеді. «Енді бұл қоғамдық тыңдаудың қорытындысын облыстық маслихаттың қарауына жібереміз. Мұндағы депутаттар қарсы болмайды деген ойдамын. Содан кейін бұл шешімді Республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жібереміз. Соңғы шешім сол жерде қаралады. Бұған шамамен үш төрт ай уақыт кетеді деп ойлаймын, – деп мәлімдеді қалалық маслихат  хатшысы Құдайберген Бексұлтанов.

Бір қызығы Кеңестік империяның көзін көрген бір қария қоғамдық тыңдауға қызыл ту ұстап келіп, жалғыз өзі оны жалаулатып жүрді.

Inbusiness.kz


0 Пікір Кіру