Үкімет басшысы 1000 зауытты  іздеуге кірісті  - на politic.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на politic.bugin.kz Марғұлан Ақан

ИИДМБ аясында іске қосылған мыңға жуық кәсіпорынды үкімет түгендеуге кірісті

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев осы мәселені 2018 жылдың соңғы жұмыс күні үкіметтің экономикалық блогы алдында төтесінен қойып, 1000 зауытты Қазақстанның аумағынан қолына шырақ алып іздеуге ниет танытты. 

Премьер-министрдің айтуынша, облыстағы жалғыз зауыттың жұмысы тоқтап қалса, ол сол өңірдегі еңбек өнімділігін артқа тарта бастайды.

«Мыңдаған зауытты аштық деп айтып отырмыз. Ал олар еңбек өнімділігін неге жоғарылатпайды? Сонда қандай зауыттар ашып жатырсыздар?» – деді Бақытжан Сағынтаев. 

Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру жылдарында 4 трлн теңгенің 961 жобасы іске қосылып, 90,6 мың тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Әйтсе де 2011 жылдан бері елдегі жұмыссыздықтың ресми көрсеткіші 5 пайыздан кемімей тұр. 

Ресми статитистика «қолға алынған жобалардың үш-ақ пайызы орындалмады, бұл – қалыпты жағдай» деген уәж айтады. Енді жабылып қалған зауыттардың ең ірілерін еске түсірейік:  

1. «Тұлпар» автомобиль зауыты 

1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстік кореялық LG International Kia Sportage моделінің қазақстандық үлгісі – «Тұлпар» автокөлігін  жылына 40 мың данасын шығару жөнінде уағдаласқан. Жобаға салынуы тиіс 1 миллион АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырды. 1998 жылы зауыт жабылып қалды. 

2. Балқаш мырыш зауыты

2003 жылы жылына 100 мың тонна мырыш өндіреді деп жоспарланған Балқаш мырыш зауыты «Қазақмыс» корпорациясының басты жобаларының бірі болатын. Зауыт құрылысына 120 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған. 2009 жылы маусым айында Балқаш мырыш зауытының бас директоры зауыт жұмысының тоқтағанын хабарлады. 

3. «Ютекс» мақта өңдеу кешені 

2004 жылы ашылған кешен жобасының жалпы құны 19,3 миллион долларға тең, оның 13 миллионын «Қазақстан даму банкі» несие түрінде, ал 6,3 миллионын Ұлыбританияның Intrex Worldwide компаниясы инвестиция түрінде бөлген. Жоба бойынша Қазақстанда алғаш рет мақта өсіруден бастап одан жіп иіруге дейінгі толық өндірістік циклді жүзеге асырылады,  жобалық қуаты жылына 6 мың тонна жіп иіруге жетеді деп есептелген. Бұл зауыт 2011 жылдан соң жұмыс істемейді. 

4. «ҚазСат» спутнигі 

2006 жылы маусым айында Қазақстанның Ресейге 65 миллион доллар төлеп жасатқан «ҚазСат» спутнигі ұшырылды. 2008 жылы маусым айында спутник ғарыш қоқысына айналып, жоғалып кетті. 

5. Caspiy Еlectronics  

Бұл инновациялық жоба Ақтау қаласында 2011 жылы жалпыхалықтық телекөпір барысында президент Назарбаевтың қатысуымен ашылған. Жобаны жүзеге асыруға мемлекеттен  800 млн теңге бөлінген. Мұнда жылына 67 мың планшетті компьютер, 40 мың теледидар және 43 мың мониторлар шығарылады деп жоспарланған. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылған кәсіпорын 2013 жылы жабылды. Кейін тергеу кезінде зауыт техникасына барлығы 600 млн теңге бөлінгені,  шын мәніндегі бағасы 20 млн теңге болғаны анықталған. 2016 жылы кәсіпорынның мүлкін алып-сату туралы келісімшарт жасалып, қазіргі уақытта «Экотек» ЖШС  «Caspiy Еlectronics»   ғимаратын сатып алған. 

Ұшақ шығаратын «КазАвиаСпектр» зауыты 

Қарағанды облысында орналасқан зауытта «Фермер-500», «Фермер-2», төрт орынды «Сұңқар» ұшағы, «Экспедишн» ұшағы жасалады деп жоспарланды. Жобалық құны – 1,6 млрд. Кейіннен ресейлік серіктестер «компания әуе зауытына тиісті техникалық құжаттарды бермеді» деген деген сылтаумен  зауыт құрылысын аяқтауды созып жіберген. Бірде-бір  ұшақ жасай алмаған зауыт толық жабылды. 

1996 жылы қазақстандық «Достық-Интеравто» мен оңтүстіккореялық LG International Kia Sportage моделі үлгісінде қазақстандық «Тұлпар» автокөлігін жасайтын зауыттың тұсауы кесілді. Қос тараптың қол жеткізген уағдаластығы бойынша зауыт жобасына қажетті 1 млн АҚШ долларының 60 пайызын Қазақстан қаржыландырмақ болған. Алғашқы өнім 1997 жылы наурызда шығып, сәуір айында шыққан автокөліктің бірі Н.Назарбаевқа сыйға берілді. Бұл зауыт та 1998 жылы тоқтады. Оңтүстіккореялық «LG International Kia Sportage» компаниясы өзі салған қаржыны қалтасына салды да еліне кетті. 

Жалпы, шаруасы жүрмеген зауыттардың инвесторларымен келісімшарт қалай шешілгені белгісіз. «Зауыттың тоқтап қалуына өнімнің нарыққа төтеп бере алмауы, өнім шығаруға қажетті барлық бөлшектердің шетелден әкелінетіні себепкер болған» дейді билік өкілдері. Экономист Бейсенбек Зиябеков жоғарыда айтып өткен зауыттың өнім бағасының тым қымбаттығынан жабылып қалғанын айтады. «Көлікке қажетті қосалқы бөлшектер импорты әлемде бар құбылыс. Бірақ ол 20-25 пайыздан аспау керек. Дамыған елдер қазір технологиялық тізбекке қосылу арқылы бөлшектердің 50-60 пайызын өздеріне қарасты зауыттарда шығаруға ұмтылып жатыр. Бұл әлемдік тренд. Біз дайын бөлшектерді сырттан әкеліп, көлік құрастырумен топ жара алмаймыз. Ондай кәсіпорындар бағаның қымбаттығынан жабылып тынады. Сол себепті жаңа зауыттарды ашқан кезде, оған қажетті бөлшектер өндірісінің тым болмаса, он пайызын жерсіндіру қажет» – дейді Бейсенбек Зиябеков. Қытайдың Гуонжоу қаласы тері өнімдерін тереңдеп өңдейтін кәсіпорындары, аяқ киім фабрикаларымен танымал. Сондағы теріні терең өңдейтін кәсіпорында технолог болып жұмыс істеген қандасымыз Орынбасар Тәжидің қазір Алматыда ескі аяқ киімдерді жамайтын шағын шеберханасы бар. «Теріден аяқ киім тігу күрделі процес. Гуонжоудағы аяқ киім зауыттарында технологиялық тізбек механизмі дұрыс үйлестірілген. 

Теріні терең өңдеу, оны бояудан дайын өнімге дейінгі жұмыс бір жерде кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шикізатпен қамтамасыз ету жағы алдын-ала келісімшарттар бойынша шешіліп қойған. Қазақстанда осындай жүйелілік әлсіз. Кәсіпорындардың жабылып қалу себебі талғамға және сұранысқа қарай үйлестіріп отыратын мамандармен жұмыс жүргізілмейді. Кез келген кәсіпорын бірінші кезекте осы факторға басымдық береді», – дейді Орынбасар Тәжи.

Дереккөз: Атамекен бизнес



0 Пікір Кіру