Тоқаев қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» заңның кемшілігі неде? - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

«Мәссаған! Оппозицияға кеттім...»

Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заңға қол қойды. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев сонымен қоса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  заңын мақұлдап, бекіткен.

Жаңа заңға көңілі толмайтындардың қатарында білікті әрі белсенді ұстаздар да бар. ҚР Білім саласының құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Өмір Шыныбекұлы:

– Мен бірнеше жылдан бері білім басқармаларын жергілікті әкімдіктен шығарып, тікелей Білім және ғылым министрлігіне бағындырмаса, мұғалім сайлау, санақ, сенбіліктен құтыла алмайтынын айтып жүрмін. Әлі де сол пікірдемін, – дейді.

27 тамыз жарты жыл бойы қоғам талқысында болған «Педагог мәртебесі туралы» заңды үкімет бекітіп, мәжілісте екі рет қаралғаннан кейін, сенат мақұлдап, ақыры желтоқсанның 30-ы президент қол қойды.

Министрлік дерегінше, тек бюджеттің өзінен 1,2 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған 19 баптан тұратын заң жобасы бір жарым миллионнан астам мұғалімнің жұмысына қатысты. 

Енді дәптер тексергені үшін қосымша ақы екі есе артады. Тәлімгерлік үшін бір базалық жалақы ай сайын төленеді деп жоспарланған. Ашық дереккөздердегі ақпараттар бойынша жаңа заңда:

· 2021 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, орта білім мекемелеріндегі педагогтардың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендету жөнінде норма бекітілді;

· Халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын әзірлеген мұғалімге үш еңбекақы мөлшерінде сыйақы беру қарастырылған;

· Ауылдық жерде тұратын мұғалімдерге жер телімін алуда басымдық беру;

· ЖОО-дан басқа білім беру мекемелеріндегі мұғалімдерді әскерге шақыруды кейінге қалдыру көзделген;

· Мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін көбірек айыппұл төлету жағы (20-120 АЕК айыппұл) қарастырылған;

· Мұғалімнің ар-намысына тию фактісі Әкімшілік кодекстегі жеке бап бойынша жазаланады (30 АЕК көлемінде айыппұл, қайталанған жағдайда әкімшілік қамауға алу жазасы да бар);

· Мұғалімдердің демалысын 42 күннен 56 күнге жеткізу, сайлау науқанына қатысқысы келген мұғалімдерді сабақтан босатып, ақша төлеу мәселесі қарастырылған.

2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне мәжбүрлі түрде билет алғаны есімізде. Әр жылдары мұғалімдер мемлекеттік шаралар мен форум-жиындарға «қызметтік нұсқаумен» қатысатыны білгілі. Мұны бұған дейін экс-президент Назарбаев та бірнеше рет «жергілікті биліктің барлық жұмысты мұғалімдер мойнына артып қоятынын» сынаған

Қазіргі президент Тоқаев та, парламент депутаттары да бұл мәселені талай рет көтерген. Бірақ әлі күнге дейін мұғалімдер еркінен тыс жұмысқа жегіліп, еңбек шартында көрсетілмеген айыптармен әртүрлі мақсатта жұмыстан босатылып келеді. 

Бұған осы айда Түркістандағы №15 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақыт Манасұлын полиция департаментінің бастығының кезектен тыс тексерісі кезінде әжетханада кезекшілікте болмағандығы үшін нарядпен қолын қайырып әкетуін мысалға келтіруге болады.

0 Пікір Кіру