Абақты алдында митингке шыққандарды босату жөнінде жиын өтті - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Қудалауды тоқтатсын!

16 желтоқсан Алматыда өткен санкцияланбаған митингке шықты деген айыппен 15 тәулікке дейін қамалған 20 шақты адам 4 күннен бері аштық жариялап отыр. Әзірге 50-ге тарта белсенді қамалғандарды қолдауға жиналды. 

Әкімшілік қамау қақпасының алдына жиналғандар «Бостандық!», «Оян, қазақ!», «Талдықорғанда ұсталған 5 жігітті босатуды талап етеміз» деп ұрандасты. Сондай-ақ олар «саяси тұтқындарды Арон Атабеков, Мұхтар Жәкішевті», «блогер Азамат Байкеновті» жаңа жылға дейін дереу босатуды талап етті. Қолына жалауша ұстаған көпшіліктің арасында спикерлер кезектесіп өз пікірін білдірді. Қазақстанның Демократиялық партиясының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Жанболат Мамай "жазықсыз айыпталушыдарды қорғау азаматтық қоғамның борышы" дейді.

– Абақтыда отырған азаматтардың бәрі жазықсыз қудаланған саяси тұтқындар. Олар өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, бейбіт митингке шықты. Ешқандай заңды бұзып немесе қарсылық көрсеткен жоқ. Оларды қудалау, қамау – диктатураның белгісі. Сондықтан кешегі болсын, мейлі бүгінгі болсын, саяси тұтқындарды қорғау, оларға қолдау көрсету – барлығымыздың ортақ міндетіміз, парызымыз, – деді Мамай.

Адвокат Жанар Балғабаеваға Алматыдағы әкімшілік жазаға тартылғандарды уақытша қамауда отырған қорғауындағы белсенділер Асхат Жексебаев пен Қанат Жақыпов айтқан. Адвокаттың айтуынша, Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша («Митинг өткізу және ұйымдастыру тәртібін бұзу») қамауда отырғандар өздерін тез арада босатуды талап етеді.Тәуелсіздік күні қарсаңында әкімшілік жазаға тартылып, 13 тәулікке қамалған Ноян Рақымжанов та қамауда аштық жариялағанын айтады. Ол кеше, 23 желтоқсанда қамаудан босап шықты.

– Менімен бірге Райымбек есімді бір жас жігіт шықты, екеуімізді алып тастағанда жиырмадан аса адам аштық жариялап отыр. Біз де екі күн аштық жарияладық, – деді белсенді.

Алматы қалалық полиция департаменті Азаттыққа қамауда отырғандардың аштық жарияланғанын растамады.

Қазақстанда 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні қарсаңында жоспарланған билікке қарсы митинг алдында Алматы мен Нұр-Сұлтанда оннан астам белсенді қамалған. Олар қарашаның соңында өткен митингілер үшін жазаланған.

Аштық жариялауға мәжбүр болған белсенділер шешімге апелляциялық шағым түсіргенімен, сот мұны қанағаттандырмады.

ІІМ Тәуелсіздік күні Алматы мен елордада 55 адамның «санкцияланбаған митингке қатысты» деп ұстағанын мәлімдеген болатын.

 

0 Пікір Кіру