Қытайдан қашып келген Қайша Ақан cот үкімімен елде қалатын болды - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Қайша Ақан елде қалады

Бүгін, желтоқсанның 23-і Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық соты Қытайдан қашып келген, Қылмыстық кодекстің 392-бабы, яғни «Шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша айыпталған этникалық қазақ Қайша Ақанның ісі туралы үкім шығарды.

Азаттықтың хабарлауынша, судья Эльмира Асубаева Қайша Ақанды Қытайға қайтармай, Қазақстанда қалдырып, алты ай шартты жазаға кесті.

Сот Қытайдан қашып келген қандастың өз қылмысына шын өкінетінін, ісін мойындағанын ескере отырып, шартты жазаны алты ай пробациялық бақылаумен алмастырды. Судья шешім шығарарда Ақанның Қазақстан азаматына тұрмысқа шыққанын, этникалық қазақ екенін, пана іздеуші куәлігі барын, босқын мәртебесін сұрағанын, Қазақстан азаматын алуға басым құқығы барын, Қытайда ешқандай қылмыс жасамағанын, Қытайдан Қазақстанға бірнеше рет өте алмағанын ескерген.

Бүгінгі отырыстың жарыссөз кезінде прокурор Арзыгүл Имярова судьядан Шыңжаң қазағын Қытайға қайтармауды, алты ай пробациялық бақылау тағайындауды, жоғарыда аталған аргументтерді ескеруін сұраған. Айыпталушының өзі де соттан Қытайға қайтармауды және бас бостандығынан айырмауды өтінген. Бұған дейін дәл осындай айыппен шекараны кесіп өткен Сайрагүл Сауытбай ісінде де прокурор Имярова оны Қазақстан аумағынан шығармауды, жазасын жеңілдетіп, сот залынан босатуды сұраған болатын.

Қарашадағы сот отырысында 43 жастағы Қайша Ақан «Қытайдағы қысымнан сескеніп, шекараны заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болғанын мойындаған». Айтуынша, Қазақстанға былтыр мамырда Қорғас кеден бекетінен саудагер әйелдермен ілесе өткен.

Десек те жарты жылдан кейін уақытша пана тапқан Қайша Ақанның жағдайы қалай болары анық емес. Мерзімі аяқталып, амалы таусылған Сайрагүл биыл жазда Швецияға қоныс аударған еді.

qazaqtimes.com

0 Пікір Кіру