Қазақстан 2020: Елімізде қандай өзгеріс болады? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Елімізде 2020 жылдан бастап ненің өзгеретіні белгілі болды

2020 жылы қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұрғаны белгілі болды.

Жаңа жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі барлық көпбалалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы  жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көпбалалы отбасыларға беріледі.

Мемлекеттік жәрдемақы бала санына қарай сараланады: төрт балалы отбасыға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан да көп балаларға – 74 388 теңге.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді.

Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады.

Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни, мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.

Кімдердің жалақысы өседі?

Қазақстанның еңбек заңнамасы бойынша, елімізде тек ең төменгі жалақының мөлшері ғана реттеледі. Қалғаны – жұмыс берушінің қалауына қарай.

2019 жылдың басынан бері әлеуметтік жауапкершілік аясында 203 мың кәсіпорын 1,2 миллион жұмысшының жалақысын 32%-ға – 46 мың теңгеден 61 мың теңгеге дейін көтерді.

1 шілдеден бюджет қызметкерлерінің айлығы 30%-ға ұлғайды.

Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдердің жалақысы 25%-ға, мәдениет саласы қызметкерлерінің айлығы 35-50%, әлеуметтік сала қызметкерлерінікі 30-60%-ға өседі деп жоспарланып отыр.

Зейнетақы, күнкөріс деңгейі және АЕК

2020 жылы ең төменгі базалық зейнетақы 800 теңгеге ұлғайып, 16 839 теңгені құрайды.

Биыл ең төменгі зейнетақының мөлшері 36 108 теңге болса, келесі жылы 38 636 теңгеге жетеді. 2020 жылдың басынан қазақстандықтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай өседі.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге, ең төменгі жалақы – 42 500 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге.

Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсіп отыруына байланысты, мемлекеттен балаларға, мүгедектерге, асыраушысынан айырылу бойынша, аса зиянды және ауыр жұмыстарда еңбек ететін адамдарға төленетін әлеуметтік жәрдемақылар да көбейеді.

Паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды

Келесі жылдан төлқұжат пен жеке куәлік алу қымбаттайды.

Паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге, жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.

Егер азамат жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермесе, онда оған 7 АЕК немесе 18 557 теңге айыппұл салынады.

Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады. Десе де қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін: жеделдіктің бірінші санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге, жеделдіктің екінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.

Облыс орталықтары үшін: жеделдіктің бірінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге, жеделдіктің екінші санаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.

Облыстардың аудандары мен қалалары үшін: жеделдіктің үшінші санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.

Ал жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.

Стипендия көтеріледі

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан студенттердің шәкіртақысын 25%-ға ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл туралы Жастар жылының жабылу салтанатында мәлімдеген еді.

Келер жылдан бастап студенттердің стипендиясы былай өзгереді: бакалавриатта – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге дейін, магистратурада – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге дейін, докторантурада – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге дейін.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

2020 жылдан бастап елімізде пациенттерді қабылдау мен емдеу жаңаша жүргізіледі. Оған себеп – Қазақстан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшкелі жатыр.

МӘМЖ аясында мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды.

1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі: жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-ы; жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-ы; жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-ы; азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-ы; өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-ы.

Ал жеңілдікке ие азаматтардың 15 санатына мемлекет жарнаны қорға өзі аударады.

Кредит берілмейді

Жаңа жылдан бастап кірісі күнкөріс деңгейінен төмен қазақстандықтарға кепілсіз кредит берілмейді. 2020 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңгеге тең болады.

Бұған қоса, жұмыссыздар да кредит ала алмайды. Өйткені банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет.

Сонымен қатар банктерге азаматтардың кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, комиссия есептеуге тыйым салынды.

Табыс салығынан кімдер босатылады?

2020 жылдың басынан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады. Бұл - президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы.

Алайда бұл өзгеріс жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнім өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларына қатысты емес.

Бұдан бөлек, шағын және орта бизнеске үш жылға тексеріс жүргізуге мораторий жарияланды. Бірақ бұл тексеріс мүлде жүргізілмейді деген сөз емес.

Кедендік тексеріс, кезікпе салық тексерісі, қылмыстық іс аясында және салық төлеушінің өтініші бойынша өз қызметіне қатысты жүргізіліп жатқан тексерістер қала береді.

Бензин бағасы өседі

2020 жылдың 1 қаңтарынан бензин акцизі екі есеге дейін көтеріледі – тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін. Бұл өз кезегінде бензин бағасына әсер етеді.

Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі. Яғни, бір литр үшін акциз 8 теңгеден 18 теңгеге дейін ұлғаяды.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру