Германия мен Оңтүстік Корея Каспийді игеруге ат салыспақ - на politic.bugin.kz
Бахаргүл Бердіхан - на politic.bugin.kz Бахаргүл Бердіхан

Еркін Байғабылұлының жазбасынан

Германия Федеративтік Республикасының канцлері Герхард Шредер Қазақстанға сапары кезінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен екі мемлекет арасындағы қатынастарды кеңейтуге бағыттайтын ауқымды саяси экономикалық мәселелерді кең талқылады. 

Мәртебелі мейманмен бірге келген 150 қонақтың ішінде кәсіпкерлер көп болды. Бұған дейін еліміздегі ахуалды зерттеп, бағамдауға мән берген неміс іскерлері өз ұстанымдарын нақтылай түскенге ұқсайды. Олардың Қазақстандағы оң өзгерістерге көздері жете түскен сияқты. Германия кәсіпкерлері бұл жолы біздің көмірсутегі шикізатымызды игеруге мүдделі екендіктерін ашық жеткізді. Бұрын тек жалпылама ниеттерін білдіріп келген немістер келісім шарт жасау жөнінде әңгіме қозғай алды. Германия Каспийдің қазақстандық қайраңындағы көмірсутегі кеніштерін игеруге 100 млн евро бөлеміз, егер жобаларымыз сәтті дамып жатса, 1 миллиард евроға жуық инвестиция құямыз деп отыр. Бұл жоба жүзеге асса, 

Германия Қазақстанға ірі көлемде инвестиция бөліп отырған мемлекеттердің бестігіне кіруге ықтимал. Неміс елінің осы уақытқа дейін біздің мол байлықты игеруге бел шеше кіріспей келе жатқанының да өзіндік себептері болды. Біріншіден, Ұлыбритания, Италия, Норвегия, Франция елдеріндегідей, онда ірі мұнай-газ компаниялары жоққа тән. Екіншіден, асықпай, тиянақты әрекет жасағанды жақсы көретін олар әліптің артын баққан жайы бар. Германия іскерлері Қазақстандағы шикізат қорының мол екендігіне көз жеткізген соң, өздері жетік және кәсіби деңгейде меңгерген инфрақұрылым, құрылыс, жаңа технология, өңдеу және құбыр жасау салаларына келе алатындарына сенімді болды. 

Енді екі ел басшылығының қолдауы нәтижесінде қазақ-герман қатынастарының көкжиегі кеңейе түспек. Әсіресе, мұнай-газ саласындағы алыс-берістің өсетіндігі сөзсіз. Еуропадағы ең озық елдің бірі саналатын Германияның экономикасы өскен сайын көмірсутегі шикізатына деген сұранысы да артып отыр. Олар өздерінде табиғи қор көп болмағандықтан қара алтын мен көгілдір отынды шет елден тасиды. Қазақстан Германияға мұнай жіберетін елдердің арасында алтыншы орында тұр. Өткен жылы бізден неміс еліне 5,5 млн тонна мұнай жіберілсе, бұл Германияның әлем мемлекеттерінен алатын жалпы мұнайының 5,2% құрайды. Бізге де бұл елмен ынтымақтастықты дамытудың маңызы зор. Мұнайымызды алға тарта отырып, немістердің жаңа технологияларын, сапалы тауарларын, ауыл шаруашылығы техникалары мен тасымал көліктерін, озық телекоммуникациялық қондырғылары мен құрал-жабдықтарын тарта аламыз. Бұған қоса неміс-қазақ бірлескен кәсіпорындардың қатарын көбейте түсуге мүмкіндік бар. Сондықтан қазақ елі Еуропадағы беделді елдің бірі Германиямен байланысты өрістету арқылы өз мүддесін түгендеп отыр. 

Өткен айдың ортасында елімізге Оңтүстік Корея мемлекетінің сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ли Хи Бом мырза келіп кетті. Бізге бұрындары өздерінің электроникалық өнімдерін көп жіберіп келген Корей елі де Каспийдегі қара алтыннан үмітті екендіктерін байқатып қалды. Бұл мәселе елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мемлекетке ресми сапары кезінде де жіті талқыланған еді. Оңтүстік Корея да экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Бұл елдің де жылдан жылға көмірсутегі шикізатына деген сұранысы өсіп келеді. Өткен жылы Оңтүстік Корея 38 млрд долларға шетелдерден мұнай мен газ сатып алған. Сондықтан корейліктер де Каспий мұнайына көз тікпесін. 

Қазақстан Президентінің осы елге мемлекеттік сапары барысында жүргізілген екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған келіссөздер өз нәтижесін бере бастады. Елімізге арнайы ат басын бұрған Ли Хи Бом сол келіссөздерде көзделген мәселелерді нақты жүзеге асыру мақсатымен келді. Ол Қазақстандық әріптестерімен екі жобаны жан-жақты пысықтады. Оның біріншісі, Каспий қайраңындағы кеніштерді бірлесіп игеруге қатысты жоба. Осыған орай «ҚазМұнайГаз» бен Кореяның ұлттық мұнай корпорациясы «КNOС» бірлескен хаттаманы бекітті. Бұған қоса осы елдің ресурстары жөніндегі мемлекеттік корпорациясы мен біздің геология және табиғи байлықтарды қорғау комитетінің басшылары келісімге қол қойды. Оған сәйкес, екі жақ Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағындағы кеніштерді бірлесіп игеруге кіріседі. 

Бұл екі мемлекеттің мұнай-газ саласындағы алғашқы қомақты келісімдері. Қазақстан үшін Оңтүстік Кореямен байланысты дамытудың жан-жақты тиімділігі бар. Біріншіден, бізге олардың да озық технологиясы қажет. Екіншіден, Корейлердің құрылыс, өнеркәсіп, өңдеу, ауыл шаруашылығы, телекоммуникация салаларындағы жетістіктерінен үйренеріміз көп. Қазақстан жаңа өндірістік стратегияны жүзеге асыру кезінде осы мемлекеттің тәжірибесінен тәлім ала алады. Үшіншіден, бізге Оңтүстік Кореямен Каспийдің мұнайы мен газын бірлесіп игеру арқылы ауқымды инвестиция тартуға болады. Бұған қоса бұл елдің кеме жасау шаруашылығы ілгері дамыған. Қазақстан болса, өз теңіз флотын енді құрып жатыр. Осы саладағы байланыстың да болашағы зор. Төртіншіден, Қазақстан Азия және Тынық мұхиты аумағы елдерінің экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ұйымына «АСЕАН» және Оңтүстік Шығыс Азия қауіпсіздігі ұйымына, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге ұмтылып отырған мемлекет. Осы халықаралық құрылымдарға мүше болу үшін Оңтүстік Кореяның қолдауы қажет.    

0 Пікір Кіру