Ерлан Айтаханов әкім болғалы Шымкентте қандай маңызды кездесулер өтті? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Жаңа әкім өткізген кездесулер мен жаңа бастамалар жайында

Шымкент қаласы әкімдігінің актив мәжілісінде қаланың жаңа әкімі болып Ерлан Айтахановтың тағайындалғанын білесіздер. Ерлан Қуанышұлы қаланың дамуына бар күш-жігерін жұмсайтынына салтанатты жағдайда ант берген еді. Бүгінгі күнде Шымкент қаласы қарқынды дамып келеді. Әкім болып қызмет еткен 3 ай ішінде қала әкімі шетелдік қонақтармен, сонымен қатар отандық қоғам қайраткерлерімен де біршама кездесу өткізді. Ерлан Айтаханов қала әкімі болғаннан бері өткізілген кездесулерді назарларыңызға ұсынамыз. 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Нью-Йорк полицейі Димаш Ниязовпен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Нью-Йорк полицейі Димаш Ниязовты қабылдады. Кездесу барысында екі елдегі құқық қорғау органдарының мәселесін сөз етті.

Димаш Ниязов шетелдік қызметіндегі жұмысы туралы айтты. Соның ішінде Нью-Йорк полициясының материалдық-техникалық жабдықталуына ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, шетелде кез келген патрульде тұрғындардың базасы тіркелген құрылғы бар екен. Ол жерде саусақ іздері арқылы аз ғана уақыттың ішінде өздері тоқтатқан адамның кім екенін біле алады.

Өз кезегінде қала басшысы Димаш Ниязовтың құқық қорғау қызметі жүйесінің дамуына үлес қосуға деген ниетін құптады. Келген қонақтың туған жеріне деген патриоттық сезімін ерекше бағалап, оған алғысын да айтты. 

Әңгімелесу кезінде жерлесіміз ана тілін ұмытпағанын және қазақ тіліндегі кітаптарды жиі оқитынын айтты. 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов митрополит Александрмен кездесті

Қала әкімі Қазақстан митрополиті Александрмен кездесті. Кездесу барысында негізінен қала аумағындағы діни жұмыстар сөз болды. Соның ішінде қаладағы этносаралық тұрақтылық мәселесі талқыланды.

Ерлан Қуанышұлы митрополитке осы сапар үшін алғыс білдірді. Қала басшысының айтуынша, халық бейбіт те келісіммен өмір сүруі үшін бір іспен айналысу қажет. Қазіргі таңда қалада бейбітшілік пен келісімді сақтау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Митрополит қазақ елінің кеңдігі мен бірлігін ерекше айтып өтті. Ол қала басшысына қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Венгрияның Алматыдағы бас консулымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Блауманн Ференцпен кездесті. 

Екіжақты кездесу барысында Шымкент пен Венгрия арасындағы экономикалық байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. 

Қала басшысы шаһардың инвестициялық және сауда-экономикалық әлеуеті туралы хабардар етті. Жалпы аймақта шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалған.

Бас консу екі елдің тарихи тамыры ортақ және даму жолдары ұқсас екенін айтты. Ол өз кезегінде шымкенттік жастарды Венгрия мемлекетінде білім алуға шақырды. Блауманн Ференц Қазақстанға жыл сайын 250 грант бөлінетінін айтты.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Түркия Республикасының бас консулымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Али Рыза Акынджы мырзамен кездесті. 

Кездесу барысында негізінен Шымкент қаласы мен Түркия Республикасы арасындағы қарым-қатынастың дамуы мен одан әрі өрбуі сөз болды.

Қала басшысы Ерлан Қуанышұлы Қазақстан тәуелсіздік алған жылдан бері екі елдің сауда-экономикалық саласында іскерлік қарым-қатынастың орнағанына ерекше тоқталды. 

Өз кезегінде Али Рыза Акынджы Шымкент қаласымен кез келген салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу соңында олар алдағы уақытта мәдени-танымдық жұмыстарды жандандыруға уәделесті.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов «Айқын» газетінің бас редакторымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов республикалық «Айқын» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Нұрмұхамед Байғараны қабылдады.

Жүздесуде олар мемлекет саясатын жүзеге асыру, елдегі орын алып жатқан маңызды оқиғаларды оқырмандарға дұрыс жеткізу жайында сөз қозғады.

Сондай-ақ, Ерлан Қуанышұлы бүгінгі күнде газеттің тәрбиелік мәні ерекше екенін атап өтті.

Кездесу соңында олар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға келісті.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов «High Vill Kazakhstan» компаниясының президентімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі «High Vill Kazakhstan» компаниясының президенті Ко Денг Хенді қабылдады. Басқосуда негізіне «Shymkent City» тұрғын үй кешені жайында сөз қозғалды.

Қала әкімі Е.Айтаханов Шымкенттің дамуы басты назарда екенін айтты. Соның ішінде ол қала орталығын ерекше үлгіде қалыптастыруды көздеп отыр екен.

Іргелі компания жалпы 51,5 га аумаққа тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлауда. Оған 1 млрд 350 млн АҚШ доллары шамасында инвестиция салынған. Салынатын үйлердегі жалпы пәтер саны - 7100. Жаңа жоба «Shymkent City»-дің жаңа келбетіне көрік беретін болады деп күтілуде. Әлемге танымал компания алдымен 1,3 га жер теліміне 10 үйді (224 пәтер, жалпы ауданы - 21 543,7 ш.м.) салады. Бүгінгі күнде үйлердің жер қазу жұмыстары басталып кетті.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Мұхтар Шахановпен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановты қабылдады.

Кездесуде мәдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін, қазіргі заманғы әдеби үрдіс пен Қазақстанды жаңғыртудағы шығармашыл зиялы қауымның рөлі мен рухани орта құру мәселелері талқыланды.

Қала басшысы Шымкентте атқарылып жатқан жұмыстардың барысына тоқталып өтті. Ол халық жазушысының қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Бұдан бөлек, олардың арасында келер жылы Қазақстанда аталып өтілетін ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен күллі түркі жұртының мақтанышы, ғалым-философ  Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойлары туралы сөз қозғалды.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Жапония елшісімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан Республикасындағы Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Касаи Тацухикомен кездесті.

Ізеттелік жүздесу барысында негізінен екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

Жапония - қазіргі замандағы қуатты елдердің бірі екені белгілі. Сонымен қатар ол – мәдениеті жағынан жоғары дамыған ел.

Бұдан бөлек, әкім  қаланың әлеуметтік- экономикалық ахуалы мен өндірістік-аграрлық саланың даму қарқынын баяндады. Сонымен қатар еліміздің үшінші мегаполисінде шетелдік инвесторлар үшін барлық қолайлы жағдайлар қарастырылғанын да атап өтті.

Кездесу соңында қала әкімі жапондық кәсіпкерлерді қонақ үй мен мейрамхана бизнесіне және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы мен машина құрастыру саласына инвестиция салуға шақырды. 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Чех Республикасының елшісімен кездесті

Шымкент қаласына Қазақстан Республикасындағы Чех Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Рудольф Гикл келді. Сапар барысында елші қала әкімі Ерлан Айтахановпен кездесті.

Кездесу барысында қала әкімі екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған бірнеше жобалар туралы сөз қозғады.

Чехия университеттерінде шамамен 2000 қазақстандық студенттер оқиды. Қала басшысы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді.

Сонымен қатар ол Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталды.

Өз кезінде мәртебелі мейман Қазақстан Республикасы мен Чехия арасында тұрақты саяси диалог жүргізіліп келетінін айтты. Сонымен қатар Чехия Шымкент қаласымен қарым-қатынас орнатуға ниетті екенін ерекше атап өтті.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов АҚШ-тың бас консулымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттарының Бас консулы Эрик Майермен кездесті.

Кездесу барысынды олар сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Шымкентте бизнес климатты дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтқан Ерлан Қуанышұлы американдық компанияларды қонақ үй, мейрамхана бизнесі мен ақпараттық технологиялар және құрылыс, жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салуға шақырды.

Өз кезегінде АҚШ-тың Бас консулы Қазақстанның іскерлік, мәдени, білім және ғылым орталығы болып табылатын, ал, Шымкенттің екі жақты байланыс үшін маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында олар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екендіктерін жеткізді. 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Орталық Азия бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің басқарушы директоры Бруно Балванера бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі жақты бірлескен жобалар жайын талқылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Өз кезегінде Бруно Балванера Шымкент қаласында банк қаржыландырып жатқан негізгі жобаларға тоқталып, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеруге дайын екендіктерін жеткізді.

Олар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулымен кездесті

Ерлан Айтаханов пен Евгений Бобровтың кездесуіне қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбек, қала әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Г.Амантаева, Kazakh Invest АҚ аймақтық директоры И.Копайлов, Касперский зертханасының өкілі Е.Питолин, бас консулдықтың атташесі Б.Мамиев қатысты.

Екі тарап қос елдің өзара сауда және мәдени қатынастарын одан әрі дамытудың мүмкіндіктерін және серіктестік жайын талқылады.

Ресейлік тарап Шымкенттің инвестициялық әлеуетіне қызығушылық танытып, аймақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Аталған жобалар қос мемлекеттің экономикалық және туристік ахуалын арттырып, мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтады.

Сонымен қатар Ерлан Қуанышұлы Ресейдің келер жылы Шымкентте «Душа Евразии» халықаралық мәдениет және өнер фестивалін өткізу туралы бастамасын қолдайтынын айтты. Аталған шара ТМД мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастық  мемлекетаралық қорының қолдауымен өтетін болады. Сондай-ақ, Шымкент әкімі 2020 жылы Қазақстанда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде аталып өтетінін айтып, консулдық өкілдерін қонаққа шақырды. 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік Африика Республикасы елшісімен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Оңтүстік Африка Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Кийтуметци Сийпело Тандека Мэттьюспен кездесті. 

Кездесу барысында қос тарап өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық пен қарым-қатынасты дамыту жайын талқылап, серіктестік жобалар мен ортақ мүдделерді сөз етті. 

Оңтүстік Африка Республикасымен өзара ынтымақтастықты күшейту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтқан қала басшысы, мегаполисте инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын және түрлі бағыттар бойынша әріптестік байланысты дамытуға ашық екенін жеткізді. 

Мәртебелі мейман Қазақстан мен ОАР арасында достық қатынастың берік екенін жеткізіп, осы байланысты одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар елші туризм саласы мен тамақ өнеркәсібі бағытында бірлескен ортақ жобаларды іске асырудың мүмкіндіктерін айтты. 

Қала әкімі Ерлан Айтаханов «Түрксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысымен кездесті

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов «Түрксой» халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен кездесті.

Басқосуда қос тарап түркі мәдениетін және өнерін дамыту жайын, бұл бағыттағы жұмыстарға Шымкент қаласының қосар үлесін сөз етті. 

Сонымен қатар әкім келер жылы Шымкентте өтетін ТМД елдерінің мәдени астана жылында өткізілетін іс-шаралар барысымен таныстырып, барша түркі халқын аталмыш іс-шараның қадірлі қонағы болуға шақырды.

Қала әкімі Ерлан Айтаханов дін өкілдерімен кездесті

ҚМДБ Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Б.Бейсенбаев және имам орынбасарлары Шымкент қаласының әкімі Е.Айтахановтың қабылдауында болды.

Қала басшысы өз сөзінде қазіргі уақыттағы дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі болған және көптің назарынан тыс қалған дәстүрлі дініміздің қазақы дәстүрімізге сай болу керектігін тілге тиек етті. 

Сонымен қатар қала басшысы дін өкілдеріне діни саладағы туындаған өзекті мәселелерді шешуді әрдайым қолдайтынын айтты. 

Кездесу соңында қала әкіміне Отырар ауданында республика деңгейінде дін саласында ұйымдастырған іс-шарасы үшін ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының «Алғыс хатын» табыс етті.

0 Пікір Кіру