Отставкаға кетуге міндетті: Бектенов министрлер мен әкімдерге жаңа заңды түсіндірді - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Мәлімдеме

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов енді мемлекеттік қызметтегі басшылар өзіне бағынышты қызметкерлер сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған жағдайда отставкаға кетуге міндетті екенін айтты.

Ол "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға енгізілген жаңашылдықты түсіндіріп берді.

"Бұл заңның қабылдануы Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет басшылардың қол астындағы қызметкерлері үшін жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітілді", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Отставкаға кетуге міндетті

Оның айтуынша, саяси мемлекеттік қызметшілер –  министрлер мен олардың орынбасарлары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары, аудан әкімдері тікелей бағынышты қызметкерлері сыбайлас жемқорлық жасаса, міндетті түрде отставкаға шығуы қажет.

"Заңның жаңа редакциясына сәйкес, бірінші басшы оның тікелей бағынышты қызметкеріне қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, 10 күнтізбелік күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуге міндетті", - деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бірінші орынбасары.

Қандай қызметкерлер бағынышты болып саналады?

Олжас Бектенов заң аясында қандай қызметкерлер тікелей бағынышты ретінде қарастырылатынын түсіндірді.

"Орталық мемлекеттік органның басшысы (министр) үшін бұл оның орынбасарлары, жауапты хатшы немесе аппарат басшысы, аймақтық бөлімшелердің басшылары; Облыс, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімі үшін оның орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі; Орталық мемлекеттік орган басшысының орынбасары (вице-министр) үшін оның қарамағындағы бөлімше немесе тәуелсіз құрылымдық бөлімше басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған кезде қызметінен кетеді", - деді басшы.

Оның айтуынша, облыс әкімінің орынбасары жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына жауап береді. Ал аудан әкімі өзінің орынбасарларына, аппарат басшысына, жетекшілік ететін аудандық атқарушы органдардың басшыларына, ауыл, кент, ауылдық округтердің әкімдеріне жауапты.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға міндеттеледі

Ведомство төрағасының бірінші орынбасары бұл заң бойынша басшылар бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті екенін атап өтті. Ол бұл міндет орындалмаған жағдайда басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын айтты.  

"Заңнамаға ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау міндетін жүйелі түрде орындамайтын басшылыққа жауапкершілік енгізілді. Егер тікелей бағынышты адамдар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасамаған болса да, мемлекеттік органда немесе белгілі бір аймақтық бөлімшеде сыбайлас жемқорлық деңгейі күрт жоғарыласа, басшыны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оның пікірінше, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басты міндеті – басшыларды іс жүзінде өз ұжымында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және болдырмауға ықпал ету.

Айта кетейік, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Заң жобасы мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын арттыруға, конкурстық рәсімдерді жетілдіруге, мемлекеттік қызметшілердің жеке жауапкершілігін жоғарылатуға, кадр тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру