Қырғызстанға сапар: Тоқаев қандай келісімге қол қойды? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Келісім не туралы?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына мемлекеттік сапары барысында көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл ақпаратты Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады. 

Құжатқа Бішкек қаласында Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Қырғыз Республикасының мемлекеттік көші-қон қызметінің төрағасы Болотбек Ибраимжанов қол қойды. 

Келісімде тараптар мемлекеттері аумақтарындағы азаматтар, Қазақстан немесе Қырғызстан азаматтығына қабылданған немесе азаматтығы қалпына келтірілген адамдар туралы, оның ішінде қос азаматтық фактілерінің жолын кесу үшін мәліметтер мен тәжірибе алмасу және практикалық көмек көрсету көзделген.

"Қазақстан қазірдің өзінде Өзбекстанмен, Тәжікстанмен және таяуда арада Әзербайжан және Беларусь елдерімен осындай келісімдер жасады. Армениямен де келісімге қол қою жоспарлануда", - деп жазылған хабарламада.

Бұдан басқа, ІІМ ағымдағы жылы ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан топтардың әрекеттеріне және есірткі қылмысына қарсы күрестегі өзара іс-қимыл туралы бірқатар үкіметаралық келісімге қол қойды.

Аталған келісімдерге қол қою Қазақстанға заңсыз көші-қон деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді және көші-қон заңнамасын бұзудың алдын алу бойынша бірлескен жұмысты күшейтеді.  

0 Пікір Кіру