Назарбаев парламент сайлауы жайлы мәлімдеме жасады - на politic.bugin.kz
Күлтегін АСПАНҰЛЫ - на politic.bugin.kz Күлтегін АСПАНҰЛЫ

Нұр Отан партиясының сайлауға дайындығын үкімет басшысы жүргізбек

2020 жылдың ақпанында Нұр Отан партиясының съезін өткізбек. Назарбаев партия құрамына қабылдаудың жаңа талаптарын енгізді.

Кеше экс-президент Н.Назарбаевтың төрағалық етуімен «биліктік партияның» (Нұр Отан) аумақтық филалдары өкілдерінің басқосуы өтіп, оған үкімет басшысы Асқар Мамин мен партияның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қатысқан.

Байбек бастаған бір топ баяндамашылардың сөзінен кейін Назарбаев:

– Нұр Отан біздің қоғамымыздың алуан түрлілігін көрсетеді. Біз – ел болашағына жауапты бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз, нақты істер партиясымыз.  Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспарлары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған, – деді.


Партия көсемімен шүйіркелесіп тұрған депутат Бекболат Тілеухан. 25 қараша 2019 жыл. Фото: elbasy.kz

Тәуелсіз сарапшы-саясаткерлер мен азаматтық қоғам жағы «коммунистік партия мұрагері» ретінде жиі сынайтын «Нұр Отан» көшінің керуенбасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын тізіп, «елдің барлық жетістіктері партиямен және партия мүшелерінің күнделікті жұмысымен тығыз байланысты» екенін айтты.

Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы Назарбаев партияның парламенттік сайлауға арналған сайлауалды бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Ел ішінде «Кітапхана» аталып кеткен экс-президент кеңсесінің баспасөз қызметі жариялаған ақпар бойынша, Назарбаев 2020 жылы өңірлерді дамытудың бес жылдық бағдарламасы аяқталатынын еске салып:

– Жаңа бағдарламаларды қабылдау қажеттілігі жаңа электоралдық кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан бұл бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауында партияның сайлауалды бағдарламасының негізіне айналуға тиіс, – деген.

Халықтық партияның көсемінің сөзінше, «мәжіліс сайлауына арналған сайлауалды бағдарламасын саяси кеңес бюросының мүшесі ретінде премьер-министр басқарып, әзірлеуге қазірден бастап кірісуі керек».

Назарбаев әр өңір, қала және аудан бойынша сайлауалды бағдарлама дайындығына қамдануды тапсырды. Сонымен қоса партияішілік іріктеу саясатына нұсқау берді:

– Әр мәслихаттың сайлауалды партиялық тізіміне кемінде 30% әйелдер және 20% (35 жасқа дейінгі) жастар кіруі тиіс. Сондай-ақ тізімге халықтың түрлі санатының өкілдері, атамекенімізге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енген жөн, – деп.

Бұдан былай «нұрлы партия» басшысының пәрменімен жергілікті өкілдіктер «жұмысын күшейту» керек.


Нұрсұлтан Назарбаев Нұр Отан партиясы аумақтық өкілдерімен басқосуда. 25 қараша 2019 жыл. Фото: elbasy.kz

Сөз соңында Назарбаев келер жылы ақпанда партияның руспубликалық көлемдегі ауқымды съезі өтетінін мәлімдеді.

– Онда біз жандандыру жоспарының алдын ала қорытындысын шығарып, алдағы электоралдық міндеттерді жан-жақты талқылаймыз. Қазір «Jas Otan» мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» жаңа бағдарламасын әзірлеп жатыр. Онда қазіргі жастардың барлық сұранысына жауап табуға болады. Сәуірде жаңа бағдарламаны «Jas Otan» съезіне енгізу қажет, – деді ол.

P.S.: Отыз жылға жуық билікте болған Назарбаевтың «жеңіске жету үшін барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек» дегенін сарапшылар өзге партиялардың «жолын кесіп, тынысын тарылту» деп санайды. Тіпті тәуелсіз саясаттанушы Досым Сәтпаев экс-президент жиі айтатын «билік транзитінің сәтті өткенін» жоққа шығарады. Азаматтық қоғам белсенділері «кезектен тыс саяси актілерге» әуестенген билікті «бұқара пікірімен санаспайтынына» наразы. Елде жүріп жатқан «көпқыртысты саяси жүк жию» процестері елді елеңдетіп, шынына көзі жетпей есі шығуда. Қайткен күнде де ақпан-тоқпан арасы не ерте көктемде парламенттік сайлау болары анық іс тәрізді. Басқасы алдағы уақыт еншісінде.

0 Пікір Кіру