Бала асырап алуда қазақстандықатарға басымдық берілмек - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Заңнамалық жобаға қандай өзгерту енгізілмек?

«Ана үйі» қоғамдық қорының бала асырап алу тәртібіне түзетулер енгізу туралы ұсынысы Мәжілістен қолдау табатын түрі бар. Бірде алға жылжып, бірде шегіншектеп келген заңнамалық жоба жыл аяғына дейін мақұлдануы мүмкін екені кеше мәлім болды.

Аталмыш қордың өкілдері БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында заңнамаға нақты қандай өзгерістер енетінін айтып берді.  Бастамашыл топтың айтуынша, қолданыстағы заңнамада жетім баланы асырап алуда жергілікті азаматтарға басымдық беру мәселесі мүлде қозғалмаған. 

«Біз ұсынып отырған түзетулер осы саладағы халықаралық стандарттар мен ережелерге негізделген. Қазақстандық балаларды асырап алушыларға қызмет көрсету тәртібінде «халықаралық агенттік» деген ұғым ғана бар. Біз заңнамаға «мемлекеттік емес ұлттық агенттік» деген ұғымды енгізуді ұсынып отырмыз. Халықаралық талаптар бала асырап алуда жергілікті азаматтарға басымдық береді. Осы норма бізге де кіруі керек», – дейді «Ана үйі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Балия Әкімбекова. 

Мұндай агенттіктердің құрылтайшысы Қазақстан азаматы болуға тиіс. Шетелдік ұйымдардың қатысы бар мекемелер ондай орталық құра алмайды. Осындай талап арқылы бұл идеяның жақтастары бала асырап алу ісінде ашықтық қалыптастырмақшы.  Қолданыстағы заңнамада бала асырап алуға ниетті ата-аналардың арнайы дайындықтан өтуі міндеттелмеген екен.  Ұсынылып отырған тәртіп бойынша балаға мұқтаж жұп әуелі ата-аналар мектебінен өтуге тиіс. 

«Қазіргі талап бойынша бала асырап алған отбасыны қадағалап отырудың нақты тәртібі жоқ. Ал біз ондай талап болу керек деп отырмыз. Толыққанды отбасыны жетелеу мерзімі кемінде 3-4 жыл болуға тиіс. Қазір біз қоғамдық қор ретінде жұмыс істегендіктен, бала асырап алған отбасының ішкі ісіне мүлде араласа алмаймыз. Яғни ондай отбасыларды жетелеуге құқымыз жоқ. Ал заңнамаға түзету енгізілсе, ұлттық агенттіктерге құзырет беріледі. Мұндай жағдайда асырап алушы біздің жетелеуімізден бас тарта алмайды», – дейді қор директоры. 

Қор мамандарының мәліметіне сенсек, балалар үйінен отбасыға ауысқан балалардың 11%-ы кейін қайтарылған. Асырап алушыларды арнайы дайындықтан өткізіп, психологиялық тұрғыда жетелеу шаралары осы көрсеткішті азайту үшін қажет көрінеді.

«Біз ұсынған түзетулер бала асырап алушыларға көрсетілетін қызметті «Ана үйіне» меншіктеп береді деген сөз емес. Біз сияқты ұлттық агенттіктер көптеп құрылуы мүмкін. Бұл жердегі біздің қызметіміз жанама сипатқа ие. Бізсіз де жүйе жұмыс істеп тұр. Агенттіктер сол жұмысты жетілдіріп, ашықтығын қамтамасыз етеді. Мысалы, бізді 20 меценат қаржыландырып отыр. Яғни, қаржылық мүмкіндігіміз бар. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, шалғай ауылдардың сұранысын да қанағаттандыруға болады. Кейбір баланың әкесі, не шешесі тірі болуы мүмкін. Соның анығына жетіп, байыбына бару үшін іздену керек болады. Осының бәріне мемлекеттік емес агенттіктер атсалысады. Бала асырап алушылар кілең қала тұрғындары деген түсінік қате. Ауылда да балаға мұқтаж отандастарымыз баршылық», – дейді Балия Әкімбекова.

Қор мамандары ұсынған дерек бойынша, елімізде бала асырап алуға 4000-нан астам өтінім тіркелген. Ал «Ана үйі» арқылы бала асырап алғысы келетіндердің  26%-ы ауылда тұрады, 20,2%-ы жалғыз басты. Жетімді жылатпай, бауырға басқысы келетіндердің 77%-ының ұлты қазақ. 

«Бала асырап алуға ниеттілердің бәрі қалталы адамдар деген түсінік бар. Шындығында олай емес. Айлық табысы 300 мың теңгеден асатын отбасылардың үлесі 1%-дан аспайды. 4000 өтініштің 53,8%-ы айына 100-200 мың табыс табатын отбасылардан түскен. Табысы 100 мың теңгеден аспайтындардың үлесі – 35%», – дейді «Ана» үйінің өкілі.

Жетімдер саны бойынша Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары тізімнің басында тұр. Қарағандыдағы 14 мекемеде 842 бала, Шығыс Қазақстандағы 10 мекемеде 780 бала, Павлодардағы 9 мекемеде 386 бала тәрибеленуде. 

«Жетімін жылатпайтын өңірлер арасында Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары өзгелерге үлгі. Маңғыстау мен Атырауда 3 мекеме ғана бар. Қызылордада 4 балалар үйі жұмыс істейді. Біздің заңнамалық түзетулерді енгізудегі басты мақсатымыз – елдегі балалар үйінін санын 50%-ға азайту. Қазіргі таңда балалар үйіне бір баланы қамсыздандыру үшін бюджеттен айына 200-300 мың теңге бөлінеді», – дейді Балия Әкімбекова.

inbusiness.kz

0 Пікір Кіру