Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы: Қандай өзгеріс болады? - на politic.bugin.kz
Bugin.kz - на politic.bugin.kz Bugin.kz

Бейбіт Атамқұлов мәлімдеме жасады

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы "Қордай" өткізу пункті келесі жылы толығымен жаңарады. Жөндеу жұмыстары 2020 жылдың наурызына жоспарланған. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлімдеді.

Бүгін сенат "2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан үкіметі мен Қырғызстан үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пунктері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң жобасын қабылдады.

Министрдің айтуынша, хаттама "Сарытөбе" және "Ауқатты" автомобиль өткізу пунктерінің мәртебесін екіжақтыдан "көпжақты халықаралыққа" ауыстыруды көздейді. Бұдан бөлек, "Нововоскресеновка" өткізу бекетінің атауы "Сыпатай батыр" деп өзгертіледі.

Қазір екі ел арасында 11 автокөлік өткізу пункті бар. Олардың бесеуі – көпжақты халықаралық, ал алтауы – екіжақты.

"Екіжақты өткізу пунктерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көліктердің қарқыны төмен болғандықтан, олар 2010 жылы жабылған. Жұмыс істеп тұрған жеті өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам, 1 миллион 300 мыңдай жеңіл көлік және 400 мыңнан астам жүк көлігі өтеді", - деді Атамқұлов.

Ол 2018 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан мен Қырғызстан арасында 48 процентке артып, 1,7 миллион тоннаны құрағанын атап өтті.

"Екі ел арасында адамдар мен көліктер ең көп өтетін пункт Қордай болғандықтан, алғашқы кезеңде оны жаңартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Құрылысты бастау 2020 жылдың наурызына жоспарланған", - деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, со себепті "Сарытөбе" және "Ауқатты" автомобиль өткізу пунктерін "көпжақты" халықаралыққа ауыстыру көзделіп отыр. Біріншіден, "Қордай" өткізу пункті жөндеу жұмысына жабылғанда, шекарадан өтушілер аталған екі пункті пайдаланады.

Екіншіден, үшінші елдердің жүк көліктері осы пунктер арқылы өтуге мүмкіндік ала отырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін одан әрі жақсартуға ықпал етеді.

Үшіншіден, шекара маңында орналасқан елі мекендердің қарым-қатынасын нығайтып, экономикалық ахуалды жақсартуға септігін тигізеді.

Төртіншіден, "көпжақты" өткізу пунктерінің көбеюі үшінші ел адамдарының кез келген өткелден жүріп өтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ, адамдардың шекарада шоғырлануын азайтады.

Хаттаманы ратификациялау бюджет қаражатын жұмсауды қажет етпейді, деді министр.

sputniknews.kz

0 Пікір Кіру